Ораза кезінде вакциналау және ПТР тестілеуге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға Алматының бас имамы жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингке қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай қатысты. Ол ораза ұстауға ниет етіп жүрген мұсылмандардан түскен сұрақтарға жауап берді. Спикер коронавирус вакцинасы мен ПТР-тест тапсыру оразаны бұзбайтынын түсіндірді.
Е. Шоқайдың айтуынша, егер зат (сұйықтық) адам ағзасына ауыз немесе мұрынмен асқазан-ішек жолдары арқылы түсетін болса, ораза бұзылады. Ал вакцина инъекция жолымен енгенде ораза бұзылмайды. Сондықтан ковидке қарсы екпе салдыру оразаны бұзбайды.
«Вакциналау инфекциялық аурулардың алдын алады және адамның иммунитетін көтереді. Вакцина дәрумен емес. Сол себепті екпе терінің астына, бұлшық етке немесе қан арқылы енгізілсе, ораза бұзылмайды»,– деді Алматы мешітінің бас имамы.
Е. Шоқай дәруменге жатпайтын, тек емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат берілгенін айтты.
Сонымен бірге, имам ПТР-тестілеуден өту жайлы журналистің сұрағына жауап берді. Е. Шоқай бұл медициналық процедураның оразаны бұзбайтынын айтты.