Алматы қаласы Дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ислам, православие, католицизм және буддизмнің рухани көшбасшыларының вакциналануға қатысты ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спикер атап өткендей, бүкіл дін мен дінбасылары Алла Тағаланың берген өмірі мен денсаулығын басты құндылық деп таниды. Денсаулықты нығайтуға, адамның өмірін ұзартуға көмектесетін білімге, ғылымға, оның ішінде медицинаға құрмет көрсетіледі. Тиісінше, бүгінде ешбір дін вакцина алуға қарсы емес.
«Исламда пәтуалар жарияланды. Білімді, беделді ислам дінтанушылары әртүрлі елдердің ғылыми негізделген ақпараттарын зерттей келе, коронавирус вакцинаcының халал екенін, яғни рұқсат етілгенін мойындады. Католицизм де сенім мен білімнің, дін мен ғылымның үйлесімділік принципіне қарсы емес. Медицина мен діннің басты мақсаты – адам өмірін сақтау. Қазіргі Рим Папасы Франциск пен оның құрметті Папасы Бенедикт XVI коронавирусқа қарсы вакцина алды», – деді Г. Жұманова.
Орыс православие шіркеуіне келетін болсақ, дінтанушы оның өкілдері вакцинацияны өлмейтін жан үшін қауіпсіз деп танығанын атап өтті. Танымал буддистер де вакцинаға қолдау білдірді. Мысалы 85 жастағы Тибеттің рухани және зайырлы көшбасшысы Далай Лама XIV Үндістанның Дхарамсала қаласында коронавирусқа қарсы егілді.
«Дін саласындағы ғалымдардың адамдардың шешіміне әсер ететіні белгілі, олар пікірлерін білдіріп қана қоймайды, алдымен дәрігерлерге жүгінеді, мәселені медициналық тұрғыдан түсінеді, содан кейін ғана шешімдерін қабылдайды», – деді Г. Жұманова.
Дінтанушы қауесеттерге, жалған ілімдерге сенбеуге, ресми дереккөздерден алынған ақпараттарға ден қоюға шақырды.
«Интернет пен әлеуметтік желілер барлық адамдарға, соның ішінде дилетанттарға да сөйлеуге, үйретуге және кеңес беруге мүмкіндік берді. Адасқандары үшін олар жауапкершілікке тартылмайды. Олар үшіне ең бастысы – сенім ұялату. Сондықтан дилетанттардың жалған сөздеріне сенбей, нақтылы дереккөздерге, білікті мамандарға, кәсіби мамандарға сену керек», – деді Г. Жұманова.
Айта кетерлігі, Құран мен сүннетте жазылған уағыздар мен нұсқаулар өмір мен денсаулықтың құндылығы туралы айтады. Мұхаммед Пайғамбар: «Көптеген адамдарға немкетті қарайтын екі құндылық бар: денсаулық пен бос уақыт»,– деген. Пайғамбар салауатты өмір салтын ұстануға, түрлі дерттің алдын алуға шақырды, қандай дерт кезінде қай дәріні ішу керектігін түсіндірді. Хадистердің бірінде: «Емделмейтін ауру жоқ, тек қарттықтың ғана емі жоқ» делінген. Сондықтан дертті емдейтін, қарттың жасын ұзартатын екпені салдырған абзал.