Қазақстан Қарулы күштерінде әскерилердің 52% ревакциналаудан өтті

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
Қызметкерлердің басым бөлігі QazVac екпесін салдырып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Қарулы күштеріндегі әскерилердің 52 пайызы ревакциналаудан өтті. Қазақстан әскерінің жеке құрамы қайта екпе алуды 2021 жылдың желтоқсан айында бастаған. Бірақ елдегі жағдайға байланысты ревакциналау уақытша тоқтатылыпты. Бұл туралы Бас әскери-медициналық басқармасы медицина қызметінің полковнигі Әлібек Манабаев мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Ә. Манабаевтың айтуынша, қазір әскерилер вакцина алуға қайта кіріскен. Қызметкерлердің басым бөлігі QazVac екпесін салдырып жатыр.   

«Әскери қызметшілерде вакцина алатын жерді таңдау құқығы бар. Негізінен, тұрғылықты мекенжайы бойынша өздері де ала алады, болмаса қазір ұйымдастырылған яғни, сауда орындары сияқты жерлерде алуына болады. Мерзімді әскери қызметшілерге әскери медициналық мекемелердің мамандары барып ревакцинация жүргізеді», - деді ҚР Қарулы күштері санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Әлібек Манабаев.

Мамандардың сөзінше, әскери-медициналық персонал жеке құраммен санитарлық-ағарту жұмысын, вакцина әсері жөнінде ұдайы түсіндіру жүргізіп отырады. Жеке құрамға ыңғайлы болу үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылған. Дәрігерлер әскери бөлімге келіп, егу процедурасын жасайды.  

«Екпе алу ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ әскери қызметшілер өз денсаулығы үшін ғана емес, әріптестерінің денсаулығына да бірдей жауапты екенін жақсы түсінеді. Бұл әсіресе жабық әскери ұжымдарда жұмыс істейтіндер үшін аса маңызды», - деді ҚР Қарулы күштері бас әскери-медициналық басқармасының бастығы Тимур Ошақпаев.

Новости партнеров