Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин 20-39 жас аралығындағы адамдардың коронавирус инфекциясын тез жұқтыратынын айтты. Осы жастағы адамдардың вакцина алу белсенділігі төмен және карантиндік режимді жиі бұзады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ж. Бекшин атап өткендей, эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша ең көп КВИ жұқтырған азаматтар 20-39 жас (31,2%), 40-59 жас (24%) және 60 және одан жоғары жастағы қарт адамдар (23%), бұл барлық науқастардың 81% құрайды.
«Жалпы соңғы 7 күнде КВИ жұқтырудың негізгі орындары сауда объектілері – 34 %, отбасылардағы байланыстар – 19,5% (1,5% – ға өсті), қоғамдық көлік-17,8% (0,38% - ға өсті) болып табылады», – деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.
Ж. Бекшин коронавирустың «төртінші» толқыны аяқталмағанын, бірақ төмендей бастағанын, сондықтан вакцина салдыру қарқынын арттыру қажет екенін еске салды.
«Азаматтар дерттің қаншалықты қауіпті екенін түсінулері керек. Әсіресе 60 жастан асқан адамдар үшін өте қауіпті. Себебі жасына қарай көптеген адамдардың созылмалы аурулары бар, дерт жұққан кезде олар өрши түседі. Сондықтан ремиссия кезеңінде вакциналану қажет. Тек вакцина салдырып ғана коронавирусты жеңетін болады», – деді Ж. Бекшин.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, COVID-19 вирусының «үнді» штаммы тез жұғады әрі патогенділігі өте жоғары, соның салдарынан «симптомды» науқастардың деңгейі 95%-ды құрайды. «Уханьдық» - 50% және «британдық» - 81%.
Ж. Бекшин халықты вакциналауды күшейтуге және қоғамдық орындар мен көліктерде маска режимін сақтауға шақырды. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарынан адамдар көп жиналатын нысандарға, түнгі клубтарға, мейрамханаларға, кафелерге бармауға және үйдегі бұқаралық іс-шараларды шектеуге шақырды.