|
18.08.2021 | 16:42
574

Коронавирус – жүрек-қантамыр ауруларының асқынуына әкелуі мүмкін – Алмат Қодасбаев

Бұл тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік тәжірибе көрсеткен әдіс

Коронавирус жүрек-қантамыр ауруларының асқынуын жеделдетуі мүмкін. Мұндай науқастар ерекше топқа жатады. Сол себепті аурудың осы түріне шалдыққан азаматтарға вакцина алған жөн, дейді кардиохирург Алмат Тұрысбекұлы. Сондай-ақ, алматылық қоғам белсенділері мен дәрігерлер де қала тұрғындарын екпе жұмыстары кезінде белсенділік танытуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv

Екпе жұмыстары қарқын алған елдерде індет бәсеңдеген. Мәселен, соңғы статистика бойынша вакцина алған әлем елдері арасында Біріккен Араб Әмірліктері көш бастап тұр. Бұған инфекцияны жұқтыру оқиғаларының азаюы себеп. Осы секілді әлемдік тәжірбиелерге сүйене отырып, біз де екпе алуды үдетсек, жағдай оңалады дейді Алмат Қодасбаев. Бүгінде өзі басқарып отырған қалалық кардиологиялық орталық ұжымының 90 пайызы екпе алып үлгерген. Сондай-ақ, дәрігер жүрек-қан тамыры аурулары бар науқастардың қандай жағдайға вакцина алуына болатынын түсіндіріп берді.

«Ал егерде созылмалы аурулары болып, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, артериалды гипертензия аурулары бар науқастар болса немесе бұрын жүрегіне ота жасалған немесе стенд қойылған науқастар болса, оларға вакцина алу қажет. Себебі, ондай науқастар коронавируспен ауру өте ауыр сатыда өтеді және ұзақ уақыт ем алу қажет болады. Сондықтан вакцина алу бұл науқастар үшін қауіпсіз жол болып саналады», – деді «Қалалық кардиологиялық орталық» МКК директоры Алмат Қодасбаев.

Ел арасында екпеге қатысты түрлі қауесеттің таралуына әлеуметтік желідегі негізсіз ақпараттар түрткі. Бұл қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Бағлан Нұржанұлының пікірі. Айтуынша, адам қандай да бір мәліметті оқығанда салқынқанды болу керек және ресми дерекөз көрсетілмеген болса оны жан-жаққа таратудың қажеті жоқ.  

«Мен отбасыммен, достарыммен, әріптестеріммен бірге вакцина қабылдағанмын. Мен үшін ол азаматтық боршым ғана емес, ол менің жеке таңдауым. Өйткені мен өзіме жауаптымын. Жалпы Алматы тұрғындарын сонымен қатар жастарды әртүрлі ақпараттарға сенбеуге шақырамын», – деді AQ JOL демократиялық партиясының мүшесі Бағлан Қасым.

Статистика бойынша қазір стационарларда жатқан науқастардың басым көпшілігі вакцина қабылдамағандар. Олар ауырмаудың жолын іздеудің орнына дерт жандарына батқан кезде ғана ем іздейді дейді дәрігерлер.

«Мен өзім ковид жұқтырып ауырып шықтым. Қасымдағы әріптестерімде де бұл дерт өте ауыр дәрежеде өтті. Осындай жағдайды көзбен көріп, бастан өткерген адам ретінде айтарым, вакцинация қауіптің алдын-алудағы маңызды қадам. Осы тұста баршамыз азаматтық белсенділік танытып, ұжымдық иммунитет қалыптастырумыз қажет», – деді AQ JOL демократиялық партиясының мүшесі Асқар Бисқұлтанов.

Айта кетейік, бұған дейін қалада екпе алғандар арасында аудан әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жүлделі сыйлықтар ойнатылды. Су жаңа темір тұлпар мен соңғы үлгідегі ұялы телефондар. Сонымен бірге қала тұрғындарына лоторея арқылы 10 мыңнан бастап 500 мыңға дейін ақшалай сыйлықтар табысталған болатын.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир