|
09.08.2021 | 18:28
959

Саулық сақтықта: Алаңсыз өмірге оралудың жалғыз жолы – вакцина

Ауырып ауруханаға төсегіне таңылғандардың көпшілігі вакцина алмағандар екенін көзімен көрген

Коронавирус мутацияға өте жиі ұшырайды. Уақыт өткен сайын вирустың жаңа түрінің пайда болуы індеттің күш алғанының белгісі. Бұл жағдайда ауру тез жұғады, соған қарай оның ағымы да өзгеріп отырады. Осылай деген мамандар вирустың кез келген түріне вакцина ғана төтеп бере алатын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Болашақ инфекционист маман Жәнібек Солтанай дәрігердің өміріне студент кезінен ерте араласты. Қалада ең алғаш вирус тіркелген күннен бастап, «қызыл» аймаққа кірді, білікті мамандарға қолғабыс етті, тәжірибе жинады. Ауырып ауруханаға төсегіне таңылғандардың көпшілігі вакцина алмағандар екенін көзімен көрген. Дендеген дерт оларды бірден жансақтау бөліміне жығып жатыр дейді.  

«Өзім коронавирус екпесін алдым, қазақстандық вакцина QazVac. Бүкіл отбасы мүшелеріміз осы екпені салдырттық. Өзімнің анам жасы 63-те, созылмалы аурулары өте көп, мүгедектігі бар. Соған қарамастан, анамыз екпе алып, қазір соның арқасында бүкіл әулетіміз қауіпті дерттен дін аманбыз. Әрине, өзім болашақ дәрігер ретінде өзімнің және жақындарымның денсаулығына жауапты екенімді білемін. Қазір қайда барсам да, алғашқы сөздерімнің бірі – екпе салу. Екпе салдыңыз ба деп сұраймын, салмаса түсіндіру жұмыстарымды жүргізуге тырысамын», – деді «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Солтанай.

Салауатты өмір салтын ұстанатындар саулық сақтықта екенін айтады. Алматылық спортшылар да екпенің қажетілігін түсінген. Айгерім Шыназбекова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осы салада біліктілігін арттыру үшін шет елге жиі шығады. Бұл ретте вакцина алмаса, өзге елге қатынау кедергі. Әрі балалары мен жақындарының денсаулығы үшін алғашқылардың бірі болып екпе салдыртқан.

«Бастамасында вакцинаға өзім де сенбедім, шынымды айтсам, көп оқыдым, комментарилерді де оқыдым Instagram-да шулап жатқан. Уақыт өте келе тек Қазақтанда салып жатқан жоқ, бұл вакцинаны. Бүкіл әлем салып жатыр. Америка секілді ең үлкен державалар да салып жатыр. Өзіміздің бұрыңғы өмірімізге оралудың жолы вакцина», – деді жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әйгерім Шыназбекова.

Қай мемлекетте болмасын 50 пайыз халық вакцина алса, эпидимологиялық ахуал төмендейді. Бұл әлемдік сарапшылардың пікірі дейді ерікті Мерхат Жылқыбаев. Сол себепті бүгінгідей сын сағатта, әсіресе, жастардың азаматтық белсенділік танытуы аса маңызды деген пікірде. 

«Қазір жаңалықты саралап оқитындар адамдар аз. Олар басын оқып алады да,  бұл осылай екен ғой деп жатады. Сондықтан жастарға үндеу: өз денсаулығын ойламаса, ата-анасының денсаулығын ойласын. Менің отбасымда барлығы вакцина алды. Менің ойымша, індеттен құтылудың жалғыз жолы осы вакцина болып отыр», – деді ҚХА мүшесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Мерхат Жылқыбаев.

Мегаполистегі эпидахуал да көңіл көншітпейді. Қаладағы инфекциялық стационарлардағы төсек орын 70 пайызы толы. Бір тәулікте ауруханаға түсетіндер саны 600 адамға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе жоғары көрсеткіш дейді мамандар.  

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир