Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі коронавирус вакцинасын салдырғандарға қоғамдық орындарда медициналық маскасыз жүруге бола ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде вакцина салдырғанын айғақтайтын құжат көрсеткен жағдайда бетперде тақпай жүруге болатыны туралы ақпарат пайда болды.
«Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, барлық азамат вакцина салдырып-салдырмағанына қарамастан барлық талапты сақтауы қажет. Ол – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау», – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел азаматтарының 60%-і вакцина салдырған жағдайда маска режимін тоқтату мәселесін қарастыруға болатынын айтты.