|
20.10.2021 | 20:21
3008

Үнді түрінен де қауіпті: Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталды

«AY.4.2» вирусы тарап кетсе, әлемде пандемияның ең қауіпті әрі жаңа толқынын тудыруы мүмкін

Үнді түрінен де қауіпті: Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталды Global Look Press/Sebastian Kahnert/dpa

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталды. «AY.4.2» деп аталатын вирус коронавирус жұқтырған британдықтардың 10 пайызынан анықталып, әлемге тарап кету қаупі туындап отыр. Ал Ресейде эпидахуал тіпті, сағат санап өршіп, жаңа антирекорд орнауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде COVID-19 вирусы бүкіл әлемде қайта көтерілді. Уақыт өткен сайын вирус мутацияланып, қауіпті болып барады.

Ал Ресейдегі жағдай тіптен қорқынышты. Көрші елдегі антирекорд бізде де үрей туғызып отыр. Себебі, онда вирусты оқушылар мен жастар көп жұқтыруда. Оған қоса, сырқаттанған қариялар қатары да артып барады. Соңғы тәулікте 34 мыңға жуық адам вирусқа шалдығып, 1015 адам көз жұмды. Эпидахуалдың күрт ушығуы жергілікті билікті шұғыл шара қабылдауға мәжбүрледі. Осы ретте, бүгін Үкімет отырысында Владимир Путин жаңа шешім шығарды. Енді Ресейде 30 қазаннан бастап, 7 қарашаға дейін жұмыс күндері толық тоқтатылмақ. Бірақ қызметкерлердің айлығы сақталады.

Сондай-ақ, Мәскеуде карантин күшейтілді. Тіпті, қатаң локдаун жариялануы мүмкін. Одан бөлек, 60 жастан асқан кісілер 25 қазаннан бастап 4 ай бойы үйде оқшаулануға міндетті. Дәрігерлер жағдайдың ушығуына халықтың екпені толықтай алмауы себеп дейді. Осы ретте, белгілі педиатр-дәрігер Комаровский көпшілікке үндеу жасады.  

«Күздің әдемі екені рас, бауырлар. Алайда көптеген жандар үшін бұл өміріндегі соңғы күз болып жатыр. Бұлай қатты айтқаным үшін кешірім сұраймын. Бірақ жағдай сұмдық болып кетті десек, жұмсақ айтқан болармыз. Ауруханалар толып қалды деген де жұмсақ айтылғаны сөз. Зираттарда қазірше орын бар. Мәйітханаларда орын жоқ. Барлық сот-медициналық мәйітханалары да толып қалған. Осындай жағдайда тағы бір қорқынышты мәселе туындап отыр. Жұрт екпе алу керек екенін енді түсініп жатыр. Бірақ олар вакцина ала алмайды. Өйткені, вакцинация сертификатын сатып алған, сондықтан енді оларға екпе сала алмаймыз. Өтінемін, екпе алыңыздаршы!», – дейді жоғары санатты педиатр дәрігер Евгений Комаровский.

Вирус тек Ресейде емес, өзге елдерде де өрши бастады. Себебі, бүгін Ұлыбританияда анықталған жаңа штамм үнділік «дельта» вирусынан да қауіпті және жұғуы 15 пайызға жоғары екен. Егер тарап кетсе, бүкіл әлемде пандемияның ең қорқынышты, жаңа толқынын тудыруы мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанда да болуы ғажап емес. Себебі, елде соңғы тәулікте сырқаттанғандар қатары артқан. Яғни, өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 300 адамға көбейіп кетті. Осы ретте, мамандар өлім мен өмірді таразыға салған пандемияны тек қоғамдық иммунитетпен тоқтатуға болатынын алға тартады.

«Вакцина, адам ағзасын толық вирустан қорғамаса да, инфекциялық ауру ағымын жеңілдетеді. Яғни, екпе – адам өмірін сақтауға ықпал етіп, өлімнің алдын алады. Бұған дәлел – вакцина алғандардың көпшілігі коронавирусты жұқтырғанда, жеңіл түрде ауырып жатыр», – деді инфекционист Амангүл Дүйсенова.

Дәрігерлер әлі де сақтық шараларын естен шығармай, екпе алған жөн дейді. Екпе демекші, ел арасында вакциналау туралы мардымсыз мәліметтер көбейіп барады. Мәселен, жақында ғана әлеуметтік желіде Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері екпе алудан бас тарқаны туралы ақпар тараған еді. Ведомство бұл жаңалықтың жалған екенін мәлімдеді. Себебі, хабарламада нақты ел мен қала атауы көрсетілмеген. Ал автордың кім екені белгісіз.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир