Алматыда Pfizer екпесін ақылы түрде салдыруға өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді. Енді мегаполис тұрғындары шаһардағы 3 мемлекеттік медициналық мекемеде америкалық вакцинаны салғыза алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде қалада оқушылар мен аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерді вакциналау қарқынды жүзеге асуда. Екпенің бірінші компонентін алғандар саны 17 мыңға жетті. Енді америкалық вакцинаны кез келген адам ақылы түрде ала алады. Ол үшін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer-ді өндіруші компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Әзірге науқанның қашан басталатыны және екпе құны қанша болатыны белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде Алматыда дайындық қызу жүруде. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәлімдеуінше шетелдік екпемен иммундау қалалық №5, 7 емханалар мен №5 клиникалық ауруханасында өтеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан тұрғындар қазірден бастап, аталған медициналық мекемелерге барып, өтінім білдіруіне болады.
Алматыда «Pfizer» екпесін салдыруға болады:
№5 қалалық емхана, мекенжайы: Мақатаев көшесі, 141.
Телефон: 8 (727) 344 98 04, 8 707 101 28 93, 8 707 931 92 63;
№7 қалалық емхана, мекенжайы: Бұхар жырау көшесі, 14.
Телефон: 8 (727) 376 33 99, 8 701 111 61 81;
№5 қалалық клиникалық аурухана, мекенжайы: Достық даңғылы, 220.
Телефон: 8 (727) 264 72 64, 8 747 263 72 46.
«Бізге Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген кезден бастап, ақылы түрде Pfizer вакцинасын алуға болады. Қазіргі уақытта осы үш мекемеге адамдар қоңырау шалып, жазылып жатыр. Бүгінгі күнге ресми ақпарат бойынша 3279 адам жазылып қойды», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.
Дәрігерлердің айтуынша аяғы ауыр келіншектер мен бала емізетін әйелдер Pfizer екпесін белсенді алып жатыр. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асқан. Ал осы демалыс күндері алғашқы болып егілгендері вакцинаның екінші компонентін алып бастады. Ең бастысы, кері әсер туралы ешқандай шағым тіркелмепті.
Бүгінде 32 мутациясы бар «омикрон» штамы әлемнің 38 мемлекетіне тарап үлгерді. Сондай-ақ Ресейде де Оңтүстік Африкадан ұшып келген 2 азаматтан бұл вирус анықталып отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, әзірге бұл вирустан көз жұмғандар тіркелмепті. Ал Кембридж университетінің ғалымдары «омикрон» штамының құрамынан адам геномының бөлшегін тапқан. Бұл вирустың күшейіп, иммундық жүйеге төтеп беру қасиеті артқанын көрсетеді екен.
«Алғашқы зерттеу жұмыстары «омикрон» штамын жұқтырғандарда ауру ағымы жеңіл түрде өтетінін көрсетіп отыр. Бірақ бұлай деп, әлі нақты кесіп айтуға болмайды. Себебі жаңа вирусқа шалдыққандар толық жазылып, оңалуы үшін бірнеше апта керек. Біз сол аралықта зерттеуді жалғастырамыз. Сараптама жұмыстарынан кейін ғана сырқаттанғандардың қаншасының ауыр науқастанғаны анықталады», – деді ДДСҰ Төтенше аурулар бөлімшесі техникалық тобының басшысы Мария Ван Керкхове.
Ал Қазақстанда бұл вирус әзірге анықталған жоқ. Қазір елімізде эпидахуал айтарлықтай жақсарды. Соңғы тәулікте 632 адамнан індет анықталды. Бұл өткен аймен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Ең қуантарлығы, «қызыл» аймақта да ешқандай өңір қалған жоқ. Соңғы рет бұл тізімде болған Солтүстік Қазақстан облысы бүгін «сары» аймаққа өтті. Жалпы, республика бойынша қалалар мен облыстардың басым бөлігі «жасыл» аймақта тұр.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы