Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация қашан басталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде ғалымдар, клиниктер, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарынан жұмыс тобы құрылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан коронавирусқа қарсы ревакцинацияға қалай дайындалып жатыр? Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қайта вакциналау мәселесі қазір әлемдегі барлық елде бар. Қазақстанда ғалымдар, клиниктер, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарынан жұмыс тобы құрылған. Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде той жасауға рұқсат берілгенмен, оның өзіндік қатаң талаптары бар екенін еске салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.         

Бүгіннен бастап елімізде той-томалақ өткізуге рұқсат берілді. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов салтанатты шараларға рұқсат берудің себебін түсіндірді. Оның сөзінше, талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады.

«Біріншіден, шараға қатысушылардың Ashyq-та «жасыл» мәртебесі болуы керек. Біз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біртіндеп қалыпты өмірге оралуымыз керек. Салтанатты шаралардың өткізуге рұқсат беру – тек той-томалақ өткізуге ғана қатысты емес. Бірінші кезекте мәселе шағын және орта бизнесті қолдау төңірегінде болып отыр. Бұл – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселенің бірі. Тағы бір жайт, елімізде салтанатты іс-шараларды өткізу қатаң бақылауда болатынын еске салғым келеді», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Ал Денсаулық сақтау министрі елімізде коронавирусқа қарсы ревакцинацияға дайындық барысы туралы мәлімдеді. Айтуынша, қажет жағдайда қайта вакциналауға еліміздің медициналық нысандары мен мамандары толық дайын.

«Қазір ешқандай критерий жоқ, өйткені COVID-19-ға қарсы ревакцинация – әлемдегі жаңа тәжірибе. Біз барлық деректі біріктіргеннен кейін, жақын арада халықты иммундау жөніндегі консультативті комиссия қорытындысынан кейін, сарапшылар тобы шешім шығарады. Біз бұл туралы міндетті түрде хабарлаймыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Елімізде қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Оған себепші болған –  вакцина. Бүгінгі күні 6 миллионнан астам адам екпе алған. Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді. Сонымен қатар, осы жылдың төртінші тоқсанында Pfizer екпесі жеткізілмекші. Ал Жамбылдағы вакцина зауыты өндіріске толық дайын. Премьер-министр орынбасарының мәлімдеуінше, қыркүйек айының соңына дейін отандық вакцинаны өндіру көлемі 750 мың дозаға дейін жетуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Үкіметте өткен брифингте биыл Қазақстан тарихында алғаш рет биологиялық қауіпсіздік туралы арнайы заң қабылданатыны айтылды. Медициналық заттарды зертханалық сынақтан өткізетін 12 орталық жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде азық-түлік, балалар ойыншықтарын, су мен өзге де өнімді зерттеуге мүмкіндік береді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров