Алматылық кәсіпкерлер вакцина алғандарға қандай жеңілдіктер жасайды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Аудан кәсіпкерлері коронавируспен күрес жолында өзіндік үлесін қоса отырып, еліміздің барша кәсіпкерін аталмыш акцияны қолдауға шақырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бүгіннен бастап кәсіпкерлер вакцина алған адамдарға жеңілдік жасайтын болды. Елімізде алғаш болып қолға алынған «Қамқор» акциясы аясында бірнеше мекеме жұмысын бастап та кетті. Сонымен ол қандай кәсіпкерлік нысандар? Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

Бостандық ауданы акцияны Республикалық деңгейде алғашқылардың бірі болып бастады. Сол себепті жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес нысандарды аралап, атаулы жеңілдіктер туралы қала тұрғындарына түсіндіруді бастап кетті. Сондай мекемелердің бірі кинотеатр. Ал, кәсіп иелері болса вакцина алған адамдарға 20 пайызға дейін жеңілдік жасап қойған.

«Халыққа қолымыздан келгенінше көмектескіміз келеді. Өйткені коронавирус қазір жақсы нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Сол себептен халықтың бәрі вакцина алған жөн. Өзім де вакцина алдым», – деді кәсіпкер Аңсар Қапанов.

Одан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары мен фитнес және компьютерлік клубтар да келушілерге жеңілдік қарастырыпты. Ал, мамандардың айтуынша акцияға осы уақытқа дейін 150-ден астам адам қатысқан. Сондықтан да кәсіпкерлер мен қала тұрғындары мұның халыққа да, жұмысы тұралап қалған мекемелерге де ыңғайлы екенін айтады.

«Өздеріңіз білетіндей пандемияның кесірінен елімізде үлкен және шағын кәсіп тоқырап қалды. Мұндай акцияны жақсы ойлап тапқан. Енді халық вакцина салғызатын шығар деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ақбота Көпесова.

«Коронавирустық инфекцияға күресте өзіміздің үлесімізді қосайық деген ниетпен қазіргі таңда 9 бизнес өкілдері қатысып жатыр. Вакцина салдырған азаматтарға, қала тұрғындары мен қонақтарына төлқұжатты көрсеткен жағдайда 10-20 пайыз жеңілдік болады», – деді Бостандық аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбен Тынышқали.

Осылайша, аудан кәсіпкерлері коронавируспен күрес жолында өзіндік үлесін қоса отырып, еліміздің барша кәсіпкерін аталмыш акцияны қолдауға шақырады. Айта кетейік, бүгінде Алматыда екпе салдырғандар саны 300 мыңға жетіп қалды.

Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров