|
13.12.2021 | 19:25
2812

Коронавирусқа қарсы антидене қандай адамдарда көп болады

Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны азайып келеді

Коронавирусқа қарсы антидене қандай адамдарда көп болады Фото: nn.ru

Коронавирус вакцинасын алған адамдарда екпе алмағандарға қарағанда антидене мөлшері көп болады. Бұл туралы Н.Ф. Гамалеи атындағы орталықтың вирусолог мамандары мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Коронавирусты жеңу үшін иммунитетті нығайту қажет екені белгілі. Ал қазір иммунитет вакцина алу және ковидті жұқтырып-жазылу арқылы екі жолмен қалыптасады. Ал иммунитет қай кезде күштірек болады және ұзақ сақталады? Бұл бүгінде әлем ғалымдары терең зерттеп жатқан өзекті мәселе. Отандық мамандар екпе алған адамдарда антидене мөлшері көп түзіледі дегенді алға тартады. Ал табиғи иммунитет қалыптасу кезінде ағзада түрлі асқынулар орын алуы мүмкін екен. Сондықтан иммунологтар вакцина алуға кеңес береді. Себебі ковидке шалдыққандарда вирусқа қарсы антидене қалыптасқанымен, уақыт өте келе ол әлсірейді. Сәйкесінше, науқас қайта коронавирусты жұқтыруы мүмкін.  

«Адам табиғи жолмен жұқтырса, адамның генетикасына қарай белсенді жауап береді. Ондай жағдайда ағза вирусты жеңеді немесе әлсіз жауап береді. Ал вакцинаны қабылдаған кезде вакцинаның құрамына адювант деген заттар қосылады. Ол – иммунды жауапты күшейткіш. Сол енгізіледі де, тегі бойынша иммунды жауабы жоқ адамдард тиімді иммунды жауап ретінде антиденелер түзіледі», – деді С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова. 

Ал егер пациенттер коронавирусты жұқтырып, жазылған соң екпе алса, онда оларда ковидке қарсы өте күшті иммунитет қалыптасады екен. Бірақ вирустың мутациялануына байланысты вакцинаның күшейткіш мөлшерін де алу қажет дейді дәрігерлер. Қазір елімізде ревакциналау жоспарлы түрде жүріп жатыр. Үшінші мөлшерлемені 20 мыңнан аса алматылық алып үлгерді. Қазір қайта егу науқанына 6 ай өткен соң қатысуға болады. Сондай-ақ мегаполисте оқушылар мен жүкті және бала емізетін әйелдерді де иммундау жалғасуда.  

«Мен Pfizer екпесін салғызуды ұйғардым. Себебі ғылыми еңбектерде бұл вакцинаның тиімділігі 95 пайыз деп көрсетілген. Пандемияның құрбаны болмас үшін, туған-туыстарыма вирусты жұқтырмау үшін екпе алуым өте маңызды еді», – дейді № 25 гимназияның 10-сынып оқушысы Марк Қайырғалиев.

Бүгінде бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус «Манчестер Юнайтед» футбол клубының мүшелерін де айналып өтпеді. Қазір спортшылардың бірқатарында ковидке ПТР-тесті «оң» нәтиже көрсетіп отыр. Ал ертең олар Брендфордқа қарсы ойын ойнауы керек еді. Бірақ күтпеген жағдайға байланысты премьер-лига кейінге шегерілуі мүмкін. Сондай-ақ Лондон қаласында да жағдай мәз емес. Онда науқастар санының күрт көбейіп кетуіне байланысты Ұлыбритания билігі жаңа шектеулер енгізбек.  

«Қазір «омикрон» штамы Ұлыбританияға қауіп төндіріп тұр. Сондықтан екпенің екі компонентімен иммундалу жеткіліксіз екенін бәрі түсінуі қажет. Жақсы жаңалық айта кетсек, екпенің үшінші мөлшері ғана ағзаның қорғаныш жүйесін күшейтеді дейді ғалымдар», – деді Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон.

Ал Қазақстанда керісінше, науқастар саны азайып келеді. Соңғы тәулікте барлығы 491 жұғу дерегі тіркелді. Ал осыдан 2 күн бұрын бұл көрсеткіш 500-ден асып кеткен еді. Қазір «қызыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ. Алматы қаласы да «жасыл» аймақта орналасқан.    

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир