Алматыда вакцина алғандар арасында ұтыс ойындарын ойнату жалғасып жатыр. Бұл қалалықтарды екпе алуға шақыру әрі індетті жеңуде бірлесіп күш салуға ынталандыру. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеген металлургиялық кәсіпорын жұмысшылары жаппай бірауыздан екпе алды. Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина салғызған алматылықтар саны 450 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды almaty.tv тілшісі.
Үлкен кәсіпорында 700-ден астам қызметкер бар екен. Олардың жартысынан көбі осы уақытқа дейін вакцина алып үлгерген.
«Бүгін өз еркіммен «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Өйткені бүгінгі таңда вакцина індеттен жалғыз қорғаушы күш болып тұр», ‒ деді кәсіпорын жұмысшысы Төлеген Тәжібаев.
«Мен де бүгін вакцина салдырдым. Рас, аздап қобалжыдым. Ең бастысы ‒ денсаулығым бір қалыпты. Екпені отбасым үшін және жұмыста қауіпсіз болу үшін алдым», ‒ дейді жұмысшы Ольга Строева.
Дәрігерлер болса осы уақытқа дейін екпеге қатысты тұрғындар тарапынан бірде бір шағым түспегенін айтады. Небәрі 2 сағаттың ішінде 50-ден астам жұмысшыға вакцина салып, алдағы уақытта жағдайы толықтай бақылауда болатынын айтты.
«Бұл кісілердің осы ұжымда дәрігері бар. Сол кісі арқылы қадағалаймыз. Бұл кісілер біздің территориялық аймақта орналасқандықтан, біздің емханаға тіркелген. Бүгінгі таңда эпидахуалдың тұрақсыздығына байланысты ең басты жол ‒ вакцина алу. Барлығыңызды екпе алуға шақырамын», ‒ деді №20 Қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Маржан Әлиева.
Одан бөлек Алатау ауданында 1-30 маусым аралығында екпенің бірінші компонентін алған тұрғындар арасында ұтыс ойындары ойнатылып, басты жүлдеге тоңазытқыш берілмек. Нәтижесінде мың адам қатысқан сайыста 13 адамның бағы жанып, түрлі сыйлықтарға ие болды.
«Өткен айда вакцина алған болатынмын. Міне осы ұтысқа қатысып бүгін мультиварка жеңіп алдым. Өте қуаныштымын», ‒ деді Алатау ауданының тұрғыны Мөлдір Әлиева.
«Қуаныштымын. Күтпеген жерден ұтыс болды. Бірінші рет ұтып тұрмын. Айтқым келетіні вакинаны бәріңіз алыңыздар. Елімізді қорғайық», ‒ деді тағы бір Алатау ауданының тұрғыны Қанатбек Бейсенбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай ұтыс ойындары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
«Алатау ауданында халық барынша вакцина алуға тырысып жатыр. Біздің аудан әкімдігі, медицина қызметкерлері бұл бағытта барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз», ‒ деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов.
Еске салайық қазіргі уақытта қалада 208 егу пункті жұмыс істеп тұр. Олар мектептер мен сауда орталықтарында және мәдениет, спорт нысандарында орналасқан. Алматыда екпе алғандардың саны 450 мыңнан асып кетті. Өткен тәуліктің өзінде 12 275 адам вакцина салдырған.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы