|
03.11.2021 | 20:05
3607

Алматыға Pfizer вакцинасы келер аптада келеді – бас санитар

Мегаполисте жаңа вакцинаны қабылдап алуға дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр

Алматыға Pfizer вакцинасы келер аптада келеді – бас санитар news.myseldon.com

Республика бойынша халықты вакциналау бойынша Алматы қаласы көш бастап келеді. Бүгінде екпенің екі компонентін алған тұрғындар саны 945 мыңға жуықтады. Бірақ қоғамдық иммунитетті 80 пайызға жеткізу үшін әлі де вакциналау қарқынын арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Қалада вакциналау қарқынын жаңа межеге көтеру басты назарда тұр. Ал келесі аптада Алматыға Pfizer екпесі келеді деп күтілуде. Бұл туралы бүгін еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді. Қазір мегаполисте жаңа вакцинаны қабылдап алуға дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ол үшін тоңазытқыш камераларын қоятын орындар әзірленіп, екпені сақтаудың ережесі, оларды дұрыс бөлу мен жеткізу мәселелері пысықталуда. Одан бөлек, жауапты мамандар тағайындалып, медицина қызметкерлерін егу жұмыстарына оқыту шаралары ұйымдастырылуда. Ал қалаға екпе келген соң бірден жүкті келіншектер мен оқушыларды егу басталады. Бұған дейін келесі жылдан бастап, шетелдік вакциналар ақылы болатыны хабарланған еді. Бірақ бас дәрігер қауіп тобындағы бұл тұрғындар тегін егілетінін айтты. Себебі мемлекеттік бюджеттен оған жоспарлы түрде қаржы бөлініп қойған.

«Келесі аптадан бастап бұған дейін екпе алмаған азаматтар тобын вакциналау жоспарланып отыр. Олар – 12 мен 17 жас аралығындағы жеткіншектер мен аяғы ауыр және бала емізетін келіншектер. Қазір бұл мәселе Үкіметтің және Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Сондықтан арқаны кеңге салатын уақыт жеткен жоқ. Әлі де карантин талаптарын бұзбай, тиімді шараларды сақтап, вакциналау қарқынын арттыру қажет», – деді ҚР мемлекеттік бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов. 

Бүгінде қалада эпидахуал жақсарып келеді. Қазір қала «сары аймақта» тұр. Соңғы екі аптада науқастар қатары 1,5 есеге, ал өлім саны 1,6 есеге төмендеді. Бірақ желтоқсан айында вирустың қайта өршуі болжанып отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді. Сондықтан қазірден бастап ауруханаларда қосымша төсек орындар дайындалып, қажетті дәрі-дәрмектің 68 түрі қамтамасыз етілуде. Бұл қор 2022 жылдың мамыр айына дейін жеткілікті болмақ. Одан бөлек, мониторинг топтарының да жұмысы белсенді жалғаспақ. Осы ретте, еліміздің премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов COVID-19 вирусы мен тұмауға қарсы вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. Бұл тізімде алдымен студенттер тұр. Бүгінде олардың 57 пайызы ғана екпе алған екен.  

«Қалада жыл басынан бері Әуезов ауданында 100 мыңға шаққанда 35 мың, Бостандық ауданында 34 мың, Алмалы ауданы 25 мың. Түрксіб ауданы бойынша тәртіп бұзған нысандарды анықтау оң динамиканы көрсетіп отыр. Ол қазан айымен салыстырғанда аурудың төмендеуіне әсер етіп отыр», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Одан бөлек, Алматыда оқушылар арасында коронавирустың таралуы бәсеңдеп келеді. Себебі, соңғы статистика бойынша мегаполисте мұғалімдердің 100 пайызы екпе алған. Одан бөлек, білім ошақтарында «Ashyq» қосымшасын іске қосу оң әсер етуде.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир