|
09.11.2021 | 19:52
3341

Баланың коронавируспен немесе тұмаумен ауырғанын қалай ажыратуға болады

Елімізде қыркүйек айынан бері 15 мыңнан аса оқушыдан коронавирус анықталған

Баланың коронавируспен немесе тұмаумен ауырғанын қалай ажыратуға болады  Фото: zhukovsky.life

Pfizer екпесі Қазақстанға 14 қарашаға дейін жеткізіледі. Ол ең алдымен 16 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер салынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық денсаулық сақтау орталығының өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Елде балаларды вакциналау күн тәртібінде тұр. Себебі оқушылар арасында тұмау дендеп барады. Ал коронавирус жұқтырған балалар індетті ауыр өткеріп жатыр.

Елімізде қыркүйек айынан бері 15 мыңнан аса оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталыпты. Алайда соңғы екі аптада жұғу дерегі 1,3 есеге төмендеген. Вирустың бәсеңдегеніне қарамастан, ковидке шалдыққан балаларда инфекциялық ағым ауыр түрде өтіп жатыр дейді дәрігерлер. Ең қауіптісі, бала вирустан айығып, бірнеше апта өткен соң, аяқасты көпжүйелі қабыну синдромы пайда болып жатыр. Ол кезде дене қызуы 38 градустан жоғарылайды, денеге бөртпе шығып, конъюктивит, еріннің кезеруі, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы сынды белгілер пайда болады екен. Бірақ бұл сирек кездесетін құбылыс дейді мамандар. Сондықтан осы симптомдарға ерекше мән берген жөн.

«Жедел респираторлық инфекция болса, балада дене қызуы 38-ден 39 градусқа дейін барады. Дене қызуы 3 күн бойы көтеріледі де, төртінші күні басылып қалады. Ал егер бала коронавируспен ауырса, дене қызуы 37 градустан жоғары көтерілмейді. Әлсіздік пайда болады да, температура 7 күнге дейін сақталуы мүмкін. Дене қызуын түсіретін кәдімгі препараттарға түсе бермейді. Құсып, іш өтіп, ішінің ауыруы сезімдері пайда болады, буындарының ауыруына мән беру керек. ЖРВИ кезінде іш өтіп, құсып немесе буындар ауырмайды», – деді Алматы қалалық жекеменшік емхананың бас дәрігері, педиатр Ботагөз Жампозова.

Сондықтан дәрігерлер балаларға екпені кезең-кезеңмен егуді жөн санап отыр. Ең алдымен, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер вакциналанады. Өйткені, дәл осы жастағы балалар белсенді, қоғамдық орындарға жиі барады. Сәйкесінше, вирусты тасымалдаушы болып саналады. Жалпы, оқушыларды вакциналау тек мектептер мен медицина мекемелерінде ғана жүзеге асырылмақ. Бұл тізімге сауда орталықтары мен базарлардағы егу пункттері қосылмады дейді мамандар.

«16-17 жастағы жасөспірімдерді вакциналап біткен соң, 15 жас, кейін 14, 13, 12 жас деп кете береді. Міндетті түрде вакцина ата-аналардың рұқсатымен жасайды. Рұқсатсыз ешқандай вакцина салынбайды. Егер ата-ана баласына вакцина салдырғысы келмесе, өз еркінде және еш шектеу жоқ», – деді ҚР ДСМ ҚДСҰО «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы басқармасының эпидемиологы Лена Қасабекова.  

Ал әлем елдері вируспен барынша күресуде. Вирустың өршуіне байланысты, тіпті қатаң шаралар қабылдап жатыр. Латвияда 1 ай уақытқа локдаун жарияланса, Қытай билігі солтүстігіндегі екі шекаралық ауданда оқшаулау режимін енгізді. Ал Нью-Йоркте коронавирусқа қарсы вакцинация қаланың барлық қызметкерлері үшін міндетті болады. Осы ретте, балаларды егу науқаны да белсенді жүріп жатыр. Қазір Коста-Рика мемлекетінде оқушыларды вакциналау міндеттелген. Ал АҚШ-та әзірге мәжбүрлеу жоқ. Ата-аналар перзенттерін ерікті түрде иммундауда. Қазір онда балалар 5 жастан бастап егіліп жатыр. Осы ретте, Pfizer екпесін өндірушілер бұл вакцинаның тиімділігі ересектерде 95 пайыз, ал балаларда 100 пайыздық нәтиже беріп отыр дейді.  

«Вакцина бір жылдың ішінде жасалмайды. Ол – ұзақ уақыт бойы зерттеліп, қысқа мерзім ішінде пандемияны тоқтатуға септесетін жалғыз құрал. Ғылыми жұмыстарға негізделген Pfizer екпесін өндіру үшін бізде 30 жылға жуық уақыт кетті. Тек вакцина арқылы адам ағзасындағы жасушалар вирусқа төтеп бере алатынын көпшілік түсінуі қажет», – деді Pfizer вакцинасын өндіруші Угур Шахин.

Ал елде қазір эпидахуал жақсарып келеді. Ақмола облысы бүгін «сары аймаққа» өтті. Вирус бәсеңдемеген 3 өңір әлі де «қызыл аймақта» тұр. Соған қарамастан, індет жұқтырғандар қатары азайып келеді. Соңғы тәулікте 909 адамнан вирус анықталса, оның 79-ы Алматы қаласында тіркеліп отыр.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир