Алматыда вакцина алған тұрғындар саны 725 мыңға жуықтады

03.08.2021 в 01:48

Дәрігерлердің хабарлауынша, ауырып аурухана төсегіне танылғандардың көпшілігі екпе алмағандар

Алматыда екпе алған қалалықтар саны 725 мыңға жуықтады. Осылайша республика бойынша мегаполис көш басында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәрігерлердің хабарлауынша, ауырып аурухана төсегіне танылғандардың көпшілігі екпе алмағандар. Дендеген дерт оларды бірден жансақтау бөліміне жығып жатқан көрінеді.

Айдана Нұржанқызы қаладағы тұрғын үй компаниялардың бірінде сату менеджері болып жұмыс істейді. Тұтынушыларға кеңес беру әрі олармен тікелей қарым-қатынас орнату оның күнделікті жұмысы. Ол бүгін ресейлік «Спутник-V» вакцинасының екінші компонентін алуға келді. Алғашқыда өзгелер секілді екпеге қорқа қарағанын жасырмады.    

«Басында қорқыныш болды, өйткені көпшілігі әркімге әртүрлі әсер еткенін айтады. Кейбірінің денсаулығы нашарлап жатса, енді бірінде жақсы болып жатады. Айналаңдағы адамдардың денсаулығы үшін маңызды болғандықтан, алу керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Айдана Секенова.

Қаладағы бұл сауда нысанында №30 емхананың медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Өткен демалыс күндері екпе алуға келген қала тұрғындарының белсенділігі артты дейді дәрігерлер. Мәселен, соңғы тәулікте қала аумағында 4 971 адам вакцина алған.  

«Отбасыммен келіп отырмын қазір, баламмен, күйеубаламмен 1-компонентін алуға. Халықтың басына түскен індет, бәріміз өтуіміз керекқой. Денсаулығымыз үшін вакцинаны аламыз», – деді қала тұрғыны Сәулегүл Сүлейова.

«Коронавирустың кесірінен мен жақын туыстарымды жоғалттым. Бұл өкініш мен үшін. Сол себепті бәрін екпе алуға шақырар едім», – деді қала тұрғыны Елена Ким.

Қала бойынша қазір сауда орындары мен базарларда 158 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың санын әлі де ұлғайту көзделген дейді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы мамандары. Сонымен қатар, 234 вакцинация бригадасы ұйымдастырырылған.

«Алматы бойынша қазіргі таңда екпенің қалдығын айта кетсек, бірінші компоненттен 77965 қалған екен, екінші компоненттен 77931 қалдық қалған екен. Екпе алған пациенттерден ешқандай шағым болған жоқ. Вакцинаға сұраныс көп. Келушілер саны күннен-күнге көбейіп жатыр», – деді №30 қалалық емхананың дәрігері Алтынай Кенжеханқызы.

Бүгінде ұжымдық иммунитет қалыптастыру аса маңызды. Дендеген дертті жеңудің жалғыз әрі төте жолы осы екенін айтады ғалымдар. Қазір инфекциялық стоционарларда 4 930 адам емделіп жатыр. Олардың 204-ы бала.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы