Ешқандай асқыну белгілері жоқ: алматылықтар «Qazvac» вакцинасын ала бастады

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыға бірінші және екінші компонет бойынша 6000 доза отандық вакцина келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық «Qazvac» вакцинасы тұрғындарға да егіле басталды. Алматыға бірінші және екінші компонет бойынша 6000 доза отандық вакцина келген. Бүгінде екпе егу нүктелерінің отандық вакцина егуге дайындығы қалай?  Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп  қайтты.

Енді емxанада вакцина алуға ниеттілер мына құрылғының көмегімен отандық не ресейлік вакцинаны таңдай алады. Осылайша берілген нөмір бойынша тіркеу алаңына біртіндеп шақыртылып отырасыз. Тәртіп бойынша тіркеуден өткен соң вакцина алуға жіберілесіз.

Әулет Мұхамбетов дәрігерлермен кеңесе келе отандық вакцина салдыруға бел буған. Айтуынша, бұған дейін «Qazvac» туралы ақпараттарды мұқият бақылап отырыпты. Бүгінде барлық тексерістерден өтіп, тиімділігі дәлелденгеннен соң ғана тұрғындарға ұсынылып отыр деп санайды. Вакцинадан кейін өзімді жақсы сезінемін дейді ол.

«Отандық вакцинаны дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып таңдадым. Олардың біліктілігі жоғары ғой. Оның үстіне, бұл барлық тексеріс кезеңдерінен өткен. Бәріміз жаппай екпе алған кезде ғана коронавирус індетінен құтыла аламыз. Сондықтан барша алматылықтарды екпе алуға шақырамын. Өзім вакцинаның ешқандай кері әсерін сезініп тұрған жоқпын», – деді қала тұрғыны Әулет Мұхамбетов.

Бүгін төртінші қалалық емxанаға «Qazvac» вакцинасының 100 дозасы келген. Бірден салдыруға ниет білдірген 6 адам табылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, отандық вакцинаны салу алгоритмінің «Спутник-V»-ден айырмашылығы жоқ. Тек қорапта бір препарат қана болады. Ал сақтау температурасы 2-8 градус. Дәрігерлердің айтуынша, екпе егу нүктелері тұрғындарға отандық вакцина салуға сақадай сай.

«Тұрғындардың қауіпсіздік шараларына байланысты егу аймақтары екіге бөлініді. Бірінші аймақты «Спутник-V» вакцинасын алатын ерікті тұрғындарға арнайтын болсақ, екінші аймақты «Qazvac» вакцинасын алғысы келетін еріктілерге жабдықтадық. Егу бөлмелеріне келушілер бар. Алған ерікті тұрғындардың жағдайы өте жақсы. Ешқандай асқыну белгілері жоқ», – деді №4 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Зарина Алтынбекова.

Айта кету керек, өткен аптада Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауыттан 50 000 доза көлемінде Қазақстанда өндірілген «QazVac» вакцинасының бірінші партиясы жөнелтілген  еді.

Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров