Отандық QazVac вакцинасына 12 елден өтініш түсті

Отандық QazVac вакцинасына 12 елден өтініш түсті
Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закарья мәлім етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық QazVac вакцинасының үшінші кезең бойынша клиникалық зерттеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закарья мәлім етті. Сондай-ақ, отандық ғалым қазақстандық екпеге оң баға берілген жағдайда ғылыми мақалалардың жарық көретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталып, 9 шілдеде соңғы талдау нәтижесі алынды. Шілденің соңына дейін бұл ақпарат тағы бір өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалды. Жалпы жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Сондай-ақ, шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді», – деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Сонымен қатар, Күнсұлу Закарья қазақстандық вакцинаны Еуропа елдерінде тіркеу үшін қажетті құжаттардың дайындалып жатқанын жеткізді.

«Бүгінде швейцариялық компаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Вакцинаны Еуропа елдерінде тіркеу үшін және халықаралық талапқа сәйкес келу үшін бірнеше құжат өткізу керек. Бірінші кезекте ол – GMP сертификаты. Бізде ұлттық GMP сертификаты бар. Қазір халықаралық GMP сертификатын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін Швейцарияда тіркеу мүмкіндігін аламыз деп ойлаймын. Осы арқылы Африка және Латын Америкасының көптеген еліне жол ашылады. Одан бөлек, өзге елдерден 12 өтініш келіп түсті», – деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Новости партнеров