|
21.07.2021 | 23:31
4414

Алматыда вакцинация науқаны қалай жүріп жатыр

Бүгінде Алматыда 212 вакциналау пункті жұмыс істейді

Алматыда вакцинация науқаны қалай жүріп жатыр almaty.tv

Коронавирустың жаңа «лямбда» штаммы 30 елге тарап үлгерді. Бұл штамм «дельтадан» да қауіпті болуы мүмкін. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры жыл соңына дейін әлемнің 40 пайызы вакцина алса ғана, індетті жеңе аламыз деп мәлімдеді. Ал Алматыдағы екпе егу науқаны қалай жүріп жатқанын Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

Тимур Мақажанов 27 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Күніне мыңға жуық жолаушы тасып, олармен қарым-қатынасқа түседі. Індетті жұқтыру қаупі жоғары екенін ұғынғандықтан, алғашқылардың бірі болып екпе салғызған.

«Бізде жолаушылар өте көп. Өзіміз ауырып қалмайық, біреуге жұқтырмайық деп вакцина алдық. Вакцинация басталғанда, наурыз айында барып, салдырдым», – деді автобус жүргізушісі Тимур Мақажанов.

Бүгінде Алматыда 212 вакциналау пункті жұмыс істейді. 308 бригадаға 1 мың 260 медицина қызметкері жұмылдырылған. Соңғы күндері екпе алуға ниеттілердің саны төмендеген екен. Өткен тәуліктің өзінде тек 2 мың 800 адам вакцина алыпты. «Бұған себеп  – халықтың қалаған екпе түрін күтуі» деп болжайды ақ халаттылар. Десе де, дәрігерлер індеттің іргеде екенін еске салып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Мағлұматтың барлығын айтамыз. Вакцинаны неге алу керек, қазір қандай пандемия болып жатыр, соның бәрін түсіндіреміз. Басқа вакцинаны күтпейміз деп «Спу́тник V» вакцинасын алып жатқан адамдар да бар», – деді №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлзат Байзахова.

Шаһардағы эпидахуал күрделі екенін айта кеткен жөн. Бүгінде инфекциялық стационарларда 3 мың 55 науқас емделіп жатыр. Қалада әзірге СпутникV вакцинасы ғана қолжетімді. Ал алматылықтар өздерін қорғау үшін екпенің қай түрін болса да алуға дайын екендерін жеткізді.

«Вакцинаның бірінші компонентті алдым. Жағдайым қазір жақсы. Өзімді, отбасымды осы аурудан қорғау үшін алу мақсатымен вакцина алдым», – деді қала тұрғыны Ермұрат Сұлтанғазиев.

«Деніміздің саулығы үшін екпе алып жатырмыз. Құдайға шүкір. Міне, бүгін екіншісін алып отырмын. Жағдайым жақсы», – деді қала тұрғыны Берік Жетібаев.

Айта кетейін, вакциналау науқаны басталғалы бері қалада 661 мың 369 адам екпе алған. Оның 94 мың 58-і алпысты алқымдағандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа түрі «лямбданың» әлемнің 30 елінде тарағанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, ол үнді штаммынан да қауіпті. Сондықтан індетті ауыздықтап, дер кезінде екпе алған жөн.

Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, Ескендір Тоғыспаев «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир