Алматыда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет 36 пайызға жетті

almaty.tv
almaty.tv
Елімізде вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 5 миллионнан асты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қала халқының 36 пайызында қалыптасты. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді. Бүгінде мұнда 666 мыңға жуық тұрғын вакцинаның алғашқы құрамдас бөлігін салдырған. Ал ковидтік вакцина көлемі тапшы елдерде коронавирустық ахуал күннен-күнге ушығып барады. Африка, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдері, сондай-ақ Үндістан дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігінен өзге мемлекеттерден көмек сұрауда. Аты жаман індеттен аулақ болу үшін ирандықтар Арменияға қатынап, екпе алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылық кәсіпкер Айнұр Бексейітова осыдан бірнеше ай бұрын ғана өз тігін цехын ашты. Елдегі коронавирустық ахуалға қарамастан кәсібін тоқтатпай, ары қарай ісін жетілдіру үшін екпе салдырыпты. Ол вакциналаудың арқасында ғана қалыпты өмірге оралатынымызға сенімді.

«Ең бірінші өз денсаулығым үшін, екінші жұмысыма байланысты алдым. Мен адамдармен көп жұмыс істеймін. Сырттан маған адамдар келеді. Өзімді қорғау үшін вакцина алдым», – деді тігінші Айнұр Бексейітова.

Шаһарда ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1260 маманнан тұратын 308 егу бригадасы еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, медициналық мекемемелер мен сауда, мәдениет және спорт нысандарында 212 вакциналау орны жұмыс істеп тұр. Егу пункттерінің мамандары тұрғындарды екпеге қатысты алып-қашпа сөздерге сенбеуге шақырады.

«Шынымен де көп адам қазіргі интернет желісіндегі фейктерге сеніп жатыр. Солардың бірі вакцинадан кейін өлім көбейіп жатыр, вакцина алмаңыздар дегенге сенеді. Оның барлығы өтірік. COVID-19 инфекциясын тоқтату үшін екпе алу керек», – деді №29 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Дина Нұрымбетова.

Вакцина тапшы елдердегі эпидахуал өте нашар. Мәселен халқының тек 6 пайызы ғана толық вакциналаудан өткен Үндістанда індеттен көз жұмғандардың саны бүгінде 420 мыңға жетті. Ал Иранда инфекция жұқтырғандардың саны 3 миллион 600 мыңнан асқан. Ирандықтар Арменияға арнайы барып екпе алуға мәжбүр. Салдарынан ұзын-сонар кезектер пайда болып, тұрғындар егу орындарының алдында сағаттап күтуде.  

Елімізде вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 5 миллионнан асты. Ал 3 миллионға жуық қазақстандық толық вакциналаудан өтті.

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров