Қауіпсіз қала: Наурызбай ауданында ата-аналарға айыппұл салынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Профилактикалық іс-шара 30 қарашаға дейін жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда басталған «Қауіпсіз қала» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде-ақ біршама құқықбұзушылықтар анықталды. Наурызбай ауданында рейд жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қауіпсіз қала» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Наурызбай ауданының полиция қызметкерлері жергілікті органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіптің сақталуы мен қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейд жұмыстарына кірісті. Он күнге созылатын іс-шараның алғашқы түнінде-ақ біршама құқықбұзушылық анықталды.

– Кәмелетке толмағандар сағат 23:00-ден кейін ұсталса, Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша ата-анасына ескерту жасалады.  Ал егер қайталанса, 7АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Динара Мадрахимова.

– 18 ата-анаға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар 9 мекемеге сағат 22:00-ден кейін 18-ге толмаған балалардың әртүрлі ойын ойнауға рұқсат бергені үшін айыппұл салынды, – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.

Кәмелетке толмағандармен жасалатын құқықбұзушылықтар көп тіркелетіндіктен, оның алдын алу мақсатында аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі.

– Аудан әкімдігі, комиссия мүшелері, полиция басқалармасымен бірлесе жұмыс істейміз. Мұндағы басты мақсат – жастардың дұрыс жолға түсуіне жәрдемдесу. Ата-аналардан балаларын қадағалауын өтініп сұраймын. Себебі олар көп жағдайда немен айналысып жатқанын түсіне бермейді, – деді дағдарыс орталығының басшысы Ұлжан Лұқпанова.

Профилактикалық іс-шара 30 қарашаға дейін жалғасады. Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын құқықбұзушылыққа бармауға, қоршаған ортаға, бөтеннің мүлкіне ұқыптылықпен қарауға, Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қауіпсіз қала: Алматы полициясы мәлімдеме жасады


Новости партнеров