Алматылықтарға интернет-алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері түсіндірілді

Жастар арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы айтылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өткен цифрлық қауіпсіздік форумында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғану жолдары сөз болды. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректері мен қаражатын иемденуге әрекет етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Форумда қаскөйлердің жалған қоңырау шалып, «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды немесе SMS арқылы келген кодтарды айтуды талап ететін тәсілдері жиілегені айтылды. Сондай-ақ соңғы уақытта дропперлік, яғни өз банк шотын немесе картасын бөгде адамдарға беріп, заңсыз қаржылық операцияларға қатысу фактілері де көбейіп отырғаны атап өтілді.

«Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша әрбір үшінші азамат интернет-алаяқтыққа тап болған. Сонымен қатар тұрғындардың фишинг сияқты цифрлық қауіптер туралы түсінігі артып, киберқауіпсіздік саласындағы білімін жетілдіруге қызығушылығы байқалады», – деді «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбеева.

Құқық қорғау органдары жастар арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерді ашық жариялау алаяқтардың жұмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар жастарға жеңіл табыс ұсынатын күмәнді ұсыныстардың қаупі де ескертілді. Әсіресе банк карталарын үшінші тұлғаларға беру немесе есірткі тасымалдау сияқты заңсыз әрекеттердің ауыр құқықтық салдары болуы мүмкін.

«Жастар әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігі, жеке куәлік секілді құжаттарының суреттерін жариялап жатады. Осы ақпараттарды пайдаланған алаяқтар олардың телефон нөмірлерін, ата-аналары туралы мәліметтерді анықтап, кейін байланысқа шығады. Одан кейін жасөспірімдерге жеңіл ақша табудың жолдарын ұсынып, оларды заңсыз әрекеттерге тартуға тырысады. Көбінесе студенттерді курьер ретінде есірткі тасымалдауға итермелейтін жағдайлар кездеседі», – деді Полиция департаменті Киберқауіпсіздік басқармасының жедел уәкілі Батыр Пазылай.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде ер адамды қорқытып, несие алуға мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды