Іс-шараға 300-ден астам белсенді жастар, еріктілер мен қоғам қайраткерлері қатысты
Алматыда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Есірткіге жол жоқ» атты акция өтті. Қазақстан-Британ техникалық университеті алаңында ұйымдастырылған іс-шараға 300-ден астам белсенді жастар, еріктілер мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нашақорлыққа қарсы айлық аясында өткен флешмобта қатысушылар 15 метрлік туды жайып, зиянды заттың таралуына қарсы бірыңғай азаматтық ұстанымын білдірді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Жастар рухы» мен Zhastarmen қозғалысының еріктілері бірлескен бұл бастама халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қалалық Полиция департаменті жанындағы арнайы кеңес мүшелерімен профилактикалық іс--шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оның ішінде Алмалы ауданы прокуратурасының қолдауымен қазіргі таңда орта білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында 30-дан астам нашақорлыққа қарсы арнайы семинарлар ұйымдастырылған.
«Әлеуметтік заманның уақыты, кез келген жұмыстың ауқымы жоғары болу үшін әлеуметтік желіде қаралым жинау керек. Жастарға, тұрғындарға, еліміздің азаматтарына жеткілікті ақпарат айтылуы керек.Осы мақсатта әлеуметтік желі арқылы заманның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халыққа түсінікті тілде жеткізуге тырыстық», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Ділдабек.
«Бұл – айлық іс-шара. Флешмобқа жастар, белсенділер, еріктілер және қоғам өкілдері қатысып, есірткіге қарсы ортақ ұстанымды көрсетеді. Яғни, олар есірткінің зиянды әрі қауіпті құбылыс екенін ашық жеткізіп, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады», – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.
Оқи отырыңыз: БҚО-да 9 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған есепші сотталды