Қостанайда 17 млн теңге бопсалады деген күдікпен екі ер адам ұсталды

01.11.2026 16:53

Олар жәбірленушіден 4,4 миллион теңге алып жатқан кезде қолға түскен

Видеодан кадр

Қостанайда күш қолданамыз деп қорқытып, тұрғыннан 17 миллион теңге талап етті деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, олар жәбірленушіден 4,4 миллион теңге алып жатқан кезде қолға түскен.

Тергеу мәліметінше, бұрын сотталған екі ер адам қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні қорқытып, одан ақша талап еткен.

Күдіктілер 28 қазанда Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті, Қостанай облысы Полиция департаментінің тиісті басқармасы мен «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің бірлескен операциясы барысында ұсталды.

"Тінту кезінде 4,4 миллион теңге, Kia Sportage автокөлігі және ұялы телефондар тәркіленді", - делінген хабарламада.

Күдіктілердің әрекеті алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған қорқытып алушылық ретінде сараланды. Екеуі де тергеу изоляторына қамалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Оқиғаның өзге де мән-жайы анықталуда.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да тасжол бойында жалғыз жүрген әйел жақындарына тапсырылды

Толық көрсету