Павлодар облысының тұрғыны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

24.11.2026 08:40

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілді

Polisia.kz

Павлодар облысының тұрғыны бұрынғы жұбайын аңдығаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар ауданында бұрынғы жұбайымен ажырасуды қабылдай алмаған ер адам бірнеше рет қорғау нұсқамасын бұзып, әйелге түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Нәтижесінде оның әрекеттері сталкинг ретінде сараланып, сот оны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды. Ерлі-зайыптылар 2026 жылдың қаңтарында ажырасқан. Алайда ер адам бұрынғы жұбайымен қайта татуласуға әрекет жасауды жалғастырған. Сәуір айында ол әйелдің жұмыс орнына келіп, тағы бір мүмкіндік беруін сұраған. Бірақ әйел бас тартқан соң, ер адам жанжал шығарған. Осы оқиғадан кейін оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанымен, бұл оның қудалауын тоқтатпаған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Кейін жағдай қайталанып, кезекті құқық бұзушылығы үшін оған 20 тәулік әкімшілік қамақ тағайындалған.

Бірнеше рет ескерту жасалып, қорғау нұсқамалары шығарылғанына қарамастан, ол бұрынғы жұбайымен байланыс орнатуға тырысып, әртүрлі абоненттік нөмірлерден күніне 30 ретке дейін қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Кейін ер адамның әрекеттері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 115-1-бабы – “Сталкинг” бойынша сараланды. Сот шешімімен оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілді.

Сталкинг деп адамның еркіне қарсы онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған заңсыз қудалау әрекеттері танылады. Аталған бап бойынша 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу сияқты жаза түрлері қарастырылған.

— Қазіргі уақытта сотталған азамат Павлодар ауданының пробация қызметі бөлімінде есепте тұр. Қызметкерлер тағайындалған жазаның орындалуын, оның ішінде қоғамдық жұмыстарды өтеу тәртібін бақылайды, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізеді, – деп атап өтті бөлім бастығы Бейбіт Болатханов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұрлық деректері 18,4 пайызға азайды


 

Толық көрсету