Таразда соғыс құрбандарына арналған ескерткішті бүлдіргендер анықталды
Таразда Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткішті бүлдіргендер анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар – 7-сыныпта оқитын үш оқушы. Айта кетейік, мемориал өткен айда ғана қайта жаңғыртудан кейін салтанатты түрде ашылған еді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзған жасөспірімдерді анықтап, кәмелетке толмағандардың профилактикалық есебіне қойған. Ал олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды.
«Құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында білім басқармасы және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсынымдар енгізілді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілетін болады», – деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.
Қазір оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.