Түркістан облысында аурухананың бұрынғы бас дәрігері бюджет қаржысын жымқырған
Олар медициналық жабдықтың құнын нарықтағы бағадан жоғары көрсеткен
Түркістан облысында аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар Қазығұрт аудандық ауруханасына қажетті медициналық жабдықтың құнын нарықтағы бағадан жоғары көрсеткен. Атап айтқанда, біртұтас оттегі жүйесін бірнеше тауарға бөліп, әрқайсысын әртүрлі компаниядан сатып алған. Ал іс жүзінде жабдықты жеткізу және орнату жұмыстарын басқа ұйым атқарған. Осылайша, мемлекетке 117 миллион теңге залал келтірілген.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған ақшаның бір бөлігіне Астанадан пәтер сатып алынып, туысының атына рәсімделген.
«Тергеу барысында 2022–2023 жылдары аурухананың бұрынғы бас дәрігері кәсіпкермен алдын ала келісіп, медициналық газбен емдеуге арналған қондырғыны сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.