Тарихы терең қалада туристік полиция қызметкерлері күн сайын шетелдік қонақтарға бес тілде қызмет көрсетіп, өңірдегі қауіпсіз туризмді қамтамасыз етуге үлес қосуда, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда киелі шаһарда қызмет атқарып жүрген полицейлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, "Керуен сарай" туристік кешені және Президент саябағы аумағында таңғы сағат 08:00-ден түнгі 24:00-ге дейін екі ауысыммен қоғамдық тәртіпті бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алады. Тәртіп сақшылары қазақ, ағылшын, қытай, өзбек және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, отандық және шетелдік туристерге қажетті көмек көрсетеді. Туристік полиция қызметкерлері әрбір азаматпен сыпайы әрі кәсіби қарым-қатынас орнатуды басты қағидат ретінде ұстанады.
Сондай-ақ ата-анасынан адасып қалған балаларды жақындарына табыстауға, жоғалған құжаттар мен бағалы заттарды иелеріне қайтаруға, шетелдік қонақтарға Қазақстан Республикасының заң талаптарын түсіндіруге атсалысады.
Солардың бірі – Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының туристік полиция инспекторы Әсел Кембаева. Ол туристік нысандарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, келушілерге бағыт-бағдар береді, құқықтық кеңес ұсынады және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда 20 келіге жуық марихуана тәркіленді