Дархан Сатыбалды жеке секторды газдандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, онда 2026–2027 жылдарға арналған атмосфералық ауа сапасын жақсарту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысын қарады,деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жол картасы 13 бағыт бойынша кешенді шараларды қамтиды және ауа ластануын төмендетуге жүйелі тәсіл қолдануды көздейді.

Отырыс барысында қала әкімі 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-ні табиғи газға көшіру, төмен эмиссия аймағын (LEZ) пилоттық режимде енгізу, көлікті экологияландыру, қалалық аумақтарды көгалдандыру және өзге де шаралардың орындалу барысы туралы ақпаратты тыңдады.

Жеке тұрғын үй секторын газдандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қала әкімі әртүрлі мекемелер ұсынған мәліметтер арасында айырмашылық бар екенін атап өтіп, газ желісіне қосылмаған тұрғын үйлерге толық түгендеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ газға қосылу құнын біріздендіру тетігін әзірлеу және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін газға қосу жұмыстарын жандандыру міндетін жүктеді.

Бүгінде Алматы агломерациясы аумағында 18 мыңнан астам жеке тұрғын үй әлі күнге дейін газдандырылмаған. Осыған байланысты Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына Алматы облысындағы әріптестерімен бірлесіп, оларды кезең-кезеңімен газдандыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Қала әкімі «Eco Almaty» мониторингі деректеріне сәйкес тексерілген 2100 шағын және орта бизнес нысанының, оның ішінде автосервистердің, қоғамдық тамақтану орындары мен моншалардың шамамен 30 пайызы қатты отынды пайдаланатынын атап өтті.

«Кәсіпкерлермен жұмысты күшейтіп, газға көшу мен сүзгі жүйелерін орнатуға жеңілдетілген несиелеу тетіктерін қарастыру қажет. Коммуналдық техниканы экологияландыру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде, ескі автокөліктерді сатып алу тетігі де пысықталмаған. Жалпы алғанда, Жол картасының орындалу тиімділігі төмен, нақты нәтиже көрінбейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы индустриялық аймақта 2 ірі инвестициялық нысанның құрылысы басталды