Ауыл шаруашылығы техникасына бөлінген субсидияға қатысты тергеу жүріп жатыр
Тергеу мәліметінше, мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келген
Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті субсидия қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.
Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу жөнінде өтінімдер рәсімделген.
Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы көрсетілген. Бюджеттен бөлінген субсидиялар осы ұйымның арнайы шотына аударылған.
Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер қамтылған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген.
Кейін бюджет қаражаты бақылаудағы ұйымдардың шоттарына аударылған.
Мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,1 млрд теңгені құрады.
Күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.