Бір апта ішінде мұндай фактілер Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталды
Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бір апта ішінде полиция қызметкерлері «ізін суытпай» бір адам өлтіру қылмысын, адам өліміне әкеп соққан үш ауыр қылмысты, 11 тонау, 218 ұрлық, сондай-ақ жеті мал мен сегіз автокөлік ұрлығын ашты.
Жол қауіпсіздігі – басты назарда
Есепті кезеңде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 10 мыңға жуық фактісінің жолын кесті. Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарудың 201 дерегі бар.
Осындай жағдайлардың бірі түнгі уақытта Үштөбе қаласында тіркелді. Полиция қызметкерлері Toyota Marino автокөлігін тоқтатқан. Рөлде 34 жастағы мас күйіндегі ер адам болған. Сот оның 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуына және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуына шешім шығарды.
Дрифт жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер де полиция назарында.
Бір апта ішінде мұндай фактілер Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталды.
Астанада екі жас жүргізуші Шәмші Қалдаяқов көшесінде дрифт ұйымдастырған. Екеуі де 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөліктері арнайы тұраққа қойылды.
Қостанайда дрифт жасау фактісі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жүргізушінің жеке басы жедел анықталды. Оның жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 16 рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұл жолы сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Ал Шымкентте 18 жастағы Mercedes-Benz жүргізушісі дрифт жасап, түнгі уақытта тыныштықты бұзған. Ол да 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Заңсыз жазулар мен граффитиге қарсы жұмыс
21 қыркүйектен бері республика бойынша 13 мыңнан астам заңсыз жазу мен граффити жойылды. Алты мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды.
Ең ауыр төрт факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның біреуі – вандализм дерегі болса, үшеуі есірткі заттарын жарнамалауға қатысты.