Заң мен тәртіп: Алматыда 5 мыңға жуық жастың құқықтық сауатты артты

Биылғы бастамалардың бірі – жастардың құқықтық білімін шыңдауға арналған «Заң» атты квест

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Құқығың өз қолыңда» атты жиын өтті. Бір жыл ішінде Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 100-ден астам іс-шара ұйымдастырып, 5 мың жасты қамтыған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесуде осы жұмыстардың нәтижесі сараланып, жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың өз құқығын қорғау мүмкіндіктері сөз болды. Сондай-ақ заңгерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері құқықтық ағарту жұмыстарын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. 

"Биыл жоба Алматы қаласында жүзеге асырылды. Мұндағы мақсат - заң мен тәртіп идеологиясын жастардың арасында кенінен насихаттау, оның басты құндылықтарын, қажеттіліктерін түсіндіріп, олардың ортасында заңға деген құрметті қалыптастыру", - деді қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

"Заң мен тәртіп қағидаты -  Конституцияның преамбуласында көрсетілген мемлекетіміздің негізгі бағыт-бағдары. Заң мен тәртіп мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екендігін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында атап өтеді", - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің профессоры Гүлдана Қуаналиева.

Айта кетейік, биылғы бастамалардың бірі – жастардың құқықтық білімін шыңдауға арналған «Заң» атты квест. Танымдық сайысқа жоғары оқу орындарынан 20 команда қатысып, түрлі тапсырмалар арқылы құқықтық білімін сынаған. Нәтижесінде 10 команда түрлі аталым бойынша марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. 

"Квесттің ішінде он жерге бару арқылы түрлі тапсырманы орындадық. Оның ішінде құқықтық, логикалық тапсырмалар кездесті. Жұмбақ, ребустарды шешу үшін шапшаң жүгіріп квестті игере алдық және жақсы нәтиже көрсеттік", - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Нұрсила Болатбек.

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында аллея көркейтіліп, саябақ жаңартылды