|
26.05.2021 | 19:34
3497

Б. Сағынтаев: Алматы экономикасының 45%-ын жеке бизнес қалыптастырады

Алматыны дамытудың негізгі қоғаушы күштері – бизнес және адамдар

Б. Сағынтаев: Алматы экономикасының 45%-ын жеке бизнес қалыптастырады inform.kz

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде мегаполисті дамытудың басты факторлары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматыны дамытудың негізгі қоғаушы күштері – бизнес және адамдар. Мегаполис еліміздің ең креативті, бастамашыл және білімді адамдарын өзіне тартуда. Бүгінде қала экономикасының 45%-дан астамын жеке бизнес қалыптастыруда. 10 алматылықтың 6 шағын және орта бизнесте жұмыс істейді, Қазақстанның әрбір алтыншы кәсіпорны Алматыда ашылған.

Алматыда жұмыс істейтін халықтың 70 пайызға жуығы жоғары білімді. Қалада еліміздегі ең үздік шығармашылық кадрлар шоғырланған, оларды жыл сайын 39 ЖОО дайындайды. Қалалық және аймақтық бағдарламалар аясында нақтылы сұранысқа ие мамандар бойынша жұмыссыздар кәсіптік білім алуда, қайта даярлануда және біліктіліктерін арттыруда. Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша мыңнан астам адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті.

2020 жылы Edu.almatybusiness кәсіпкерлерін оқытуға арналған портал іске қосылды, онда 200-ден астам білім беру бойынша видеороликтер орналастырылған. Порталда 110 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Бұл тәжірибе биыл да жалғасын табады.

«Ұсақ істерден бастап, біз ауқымды мақсаттарды жүзеге асыру бойынша жоспарлы және жүйелі жұмыс істейміз. Бүгінде Алматыда агломерацияны қосқанда үш миллионнан астам адам тұрады. Демек, таяу жылдары экономиканың едәуір өсуін қамтамасыз етіп, қосымша құны жоғары және экспорттық әлеуеті бар жаңа секторларды және мыңдаған жұмыс орындарын ашып,еңбек өнімділігін арттыруымыз қажет», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Адами капиталды дамытуға бағытталған экономикалық саясатта қолданылатын тиімді әдістер бизнес жүргізуге қолайлы қала құруға мүмкіндік берді. Мегаполис одан әрі дамуында тұрақты даму бағытында ЭЫДҰ стандарттарына және әлемдік озық тәжірибеге  жүгінетін болады. Жергілікті реформаларды жүзеге асырудағы жаһандық пайымы Алматының 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында көрініс тапқан.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир