|
06.08.2021 | 17:01
4036

Алматыда 200 шақырымнан аса электр желісі жөндеуден өтеді

Сондай-ақ қалада салынып жатқан 4 бірдей подстанцияның арқасында электр қуаты мәселесі түбегейлі шешілмек

Алматыда 200 шақырымнан аса электр желісі қайта жөнделіп, қаланың меншігіне өтеді. Бұл туралы «Алматы 2021: Инженерлік инфрақұрылымды дамыту» атты онлайн-презентациясы кезінде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Жұмыстардың басым бөлігі мегаполиске кейіннен қосылған шағынаудандарда жүргізіледі. Сондай-ақ қалада салынып жатқан 4 бірдей подстанцияның арқасында электр қуаты мәселесі түбегейлі шешілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір Алматыда 4 қосалқы станцияның құрылысы жүріп жатыр. Түрксіб ауданында «Тұздыбастау» станциясы, Жетісуда «Кирпичная» және Бостандық ауданында тағы екеуі салынуда. Олардың бірі – 100 мегаваттық «Алмагүл» энергетикалық нысаны келесі жылы іске қосылады.

«Қазіргі уақытта осы қосалқы станцияны қуаттайтын 100 мегаватт кабель желілерін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Кабель желісінің ұзындығы шамамен 5 шақырым. Құрылыс жұмыстарын және кабель желісін тартуды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мердігерлік ұйымның өкілі Максим Лущиков.

«Алмагүл» қосалқы станциясы сол маңдағы шағынаудандардың, салынып жатқан тұрғын үй кешендерімен, спорт және білім беру мектептерін қамтиды. Енді екі жүз мыңнан астам тұрғын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

«Кешке тоқ жетіспеушілігі болады. Төңіректің барлығында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл подстанцияны жылдамырақ бітірсе халыққа жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны Жұмағали Әбдірахов.

Сонымен қатар, Алматыда иесіз желілер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Өткен жылы осындай желінің үш жүз мыңнан астам шақырымы қала балансына берілді. Бұл жүйелі түрде қабылданған шаралар электр қуатын ешқандай кедергісіз беруге және апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.

«Тұрғындар өздерінің күштеріменен, арасында мамандары бар, соларды қосып, жөндеп алып жатады. Сол кездескен кезде айтады «Міне көшемізде бар, бірақ осындай қиын жағдай мемлекеттің тарапына алынса екен», –  дейді. Осы ұсыныстардың барлығын қабылдап алып жатырмыз. Ешкімге бас тартып жатқанымыз жоқ. Алып шыққанның барлығын қабылдап алып жатырмыз. Былтырғы жылдың өзінде біз миллиард теңгеге «Алатау Жарық Компаниясына» осындай желілерді өткіздік», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматыдағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асады. Бүгінде шамамен 65 пайызының тозығы шыққан. Ал қала басшысының сөзінше, бұл жүйе толық модернизациялаудан өтеді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 270 шақырым аумақ толық электр жүйесімен қамтылмақ.

Сымбат Ноғай, Айдана Нұраш, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир