|
22.01.2018 | 20:40
1972

Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен 52 адамның отбасына ақшалай көмек берілді

Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен 52 адамның отбасына ақшалай көмек берілді

Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент тасжолында қайтыс болғандардың туыстарына өзбек жұрты 60 миллион сом жинап берген. Ал, 18-ші қаңтарда елу екі Өзбекстан азаматының өмірін қиған жағдай отандық мамандарға сабақ болса керек. Өйткені, қайғылы оқиғадан кейін Қазақстандағы аудан, қала, облыс және халықаралық бағыттар бойынша жүретін автобустар қатынасы тексеріледі. «Автобус» атты жедел-профилактика шарасын еліміздің Инвестиция және даму министрлігінің Көлік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері бірлесе жүргізеді. Шара жайы мен оның қай уақытта басталатыны туралы Астанадағы тілшіміз Нұржан Сәдірбай айтып береді. Қайырлы кеш, Нұржан! Қос елдің қабырғасын қайыстырған апатта қайтыс болғандардың туыстарына қаржылай көмек беріліпті. Бұдан басқа қандай ақпарат бар?

- Қайырлы кеш, Тоғжан! Иә, қайтыс болғандардың туыстарына бүкіл Өзбекстан жұрты жан-жақты қол ұшын созып жатыр. Ол, әрине, көңіл айтумен қатар, марқұмдардың отбасындағы тұрмыс жағдайын реттеу, үйдің жөндеу жұмыстары мен жетім қалған балалардың киім-кешегі мен ас-суы да ұмыт қалмаған. Қайтыс болғандар түгелдей Наманған ауданының азаматтары болғасын, жер-жерден түрлі мамандар әдейілетіп келуде. Жергілікті билік те барынша қолғабыс етіп жатыр. Олар әр отбасыға 5 миллион сом мен бір тоқты береміз деп уәде етіпті. Ал, халықтың көмегі ретінде қайырымдылық қорына бір күннің ішінде 60 миллион сом түскен.

- Ал, біздің елімізде қайғылы жайттан кейін түрлі бағыттағы автобус қатынастарына жан-жақты бақылау жүргізіле бастапты. Осы туралы толықтыра кетсең?!

Еліміздің Инвестиция және даму министрлігінің берген хабарламасында: 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында «Автобус» атты жедел-профилактикалық шарасында ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық қатынаста жолаушыларды және жүктерді тасымалдайтын көліктер мен жүргізушілер тексерілетін болады делінген. Адам тасымалдайтын автобустардың және таксилердің техникалық ақауы мен әрі қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Мамандар қандай да қауіпсіздік шаралары сақталмаған болса, көлікті одан әрі пайдалануға тыйым салуға дейін барады. Бұдан бөлек, жасырын маршруттарды анықтау үшін көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері мен қоғам өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құрылмақ. Енді рейс алдында автомобильдің міндетті техникалық және жүргізушінің медициналық байқаудан өтуіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауларына баса назар аударылады. Мұндай жедел шараның ұйымдастырылуына Ақтөбе облысында өртенген автоюбус себеп болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, қайғылы жағдай 18 қаңтарда Қалыбай ауылынан 10 шақырым және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент тас жолында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Өзбекстанның 57 азаматы отырған жолаушылар автобусы өртеніп, 5-і аман шығып, 52 адам тірідей жанып кеткен еді. Тоғжан, мендегі бар ақпарат осы. Сөз кезегі өзіңде!

- Нұржан рахмет! Астанадан студиямен байланысқа қосылған әріптесім Нұржан Сәдірбай болатын.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир