|
28.03.2024 | 08:50
1558

Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті

Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы

Биыл қыркүйекте «Мектеп автобусы» жобасы аясында Алматының Жетісу ауданына тағы 2 қоғамдық көлік беріледі. Бұған дейін 1796 оқушыны тасымалдайтын 23 автобус бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев жергілікті халықпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһар басшысының айтуынша, білім нысандарына қатысты мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Былтыр оқушы орны тапшылығын жою мақсатында Құлагер шағынауданындағы №148 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салынды. Ал биыл «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 1200 шәкіртке арналған жаңа білім ордасы бой көтермек. Сондай-ақ медициналық мекемелердегі жүктемені азайту да қолға алынды. Биыл қазанда «Саяхат» автовокзалы маңында және Құлагерде 2 емхана ашу жоспарланып отыр.

– Медициналық қызметті қолжетімді ету үшін жобалар жасалуда. Биыл қаңтарда Кемел шағынауданында күніне 200 келушіні қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды. Сонымен қатар осы жылы мамырда Жұмысшы кентінде 240 келушіге арналған емхананы іске қосуды жоспарлап отыр. Қазір барлық жөндеу жұмысы аяқталған, құжаттары рәсімделіп жатыр, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ шаһар басшысы соңғы екі жылда Жетісу ауданының бюджеті 2,7 есеге ұлғайғанын атап өтті. Басымдық, әсіресе әлеуметтік, инженерлік және инфрақұрылымдық бағыттарға берілген. Қазір 80 шықырым су және 71 шақырым кәріз желілерін салу жұмыстары жүріп жатыр. Шаруа аяқталған соң 100-ден аса көше сапалы коммуналдық жүйемен қамтылмақ. Айнабұлақ-2, Айнабұлақ-3 шағынаудандары мен Бродский көшесіндегі жылу магистральдары реконструкциялануда. Жұмыс қыркүйектің соңында аяқталады. Ал жайлы қалалық орта құру үшін қазір Көкжиектегі Есентай өзенінің бойына екі саябақ пен жағалау аймақтары салынып жатыр. Онда спорт кешендері мен балалар алаңы бой көтермек. Тұрғындар маусымның соңында саябақтың игілігін көре алады. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да қарқынды жүзеге асып жатыр. Былтыр 40 жоба іске асыпты.  

– Осы бағдарлама аясында жаяу жүргіншілер-серуендеу және саябақ аймақтарын, балалар алаңдарын жөндеу, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу, дыбыс өткізбейтін экрандар орнату сынды шамамен 34 жобаны жүзеге асыру үшін 2024 жылы 2 млрд теңге бөлінді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир