|
24.05.2024 | 20:14
437

Қарғын су: Жезді кентінде тұрғын үй құрылысы басталды

Ұлытау облысында 22 үйге тасқын судан зақым келген

Қарғын су: Жезді кентінде тұрғын үй құрылысы басталды Almaty.tv

Ұлытау облысында 22 үйге тасқын судан зақым келген. Оның бесеуі  апатты деп танылған. Жағдайды ретке келтіріп, жөнге салу үшін бүгінде Жезді кентінде тұрғын үй құрылысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тасқын кезінде мүлкіне зиян келген тұрғындардың бірі – Нұрлан Байманов. Қалың жұрт қарғын судан зардап шеккенде оның да баспанасы жарамсыз күйде қалған. Көпбалалы әке төтенше жағдай кезінде қайдан, қалай көмек аларын білмей уайым қылғанымен, тиісті қолдаудың дер кезінде келгенін айтты.

– Төрт баланың әкесімін, әйелім мектепте жұмыс істейді. Қолымда егде жастағы анам бар. Үй, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалды. Бірақ еріктілер бірден көмекке келді. Келесі күні Үкімет уақытша тұруға үй берді, – деді Жезді кентінің тұрғыны Нұрлан Байманов.

Үш үйдің іргетасын құю үшін қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым тарапынан 7 адам жұмылдырылды. Ал құрылысшылардың қатары кейінірек, қабырға көтеріліп, ішкі жұмыс басталғанда көбеймек. Жауаптылар жобаны мүмкіндігінше тезірек аяқтауды жоспарлап отыр.

– Көктемгі апатты жағдайға байланысты суға кеткен үйдің иелеріне Үкімет бекіткен 80 шаршы метрлік 3 үйдің құрылысы салынып жатыр. Әр үйге бюджеттен 22 млн теңге бөлінді, – деді Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек.  

Жезді кентіндегі 7 үй мен Талдысай елдімекеніндегі 9 үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін баспана иелеріне қаржы бөлінген. Белгіленген сома бағалау нәтижесіне сай есепшотқа аударылды.

Қарғын судан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйлер орталық инженерлік жүйесіне қосылған. Мамандардың айтуынша, тамызда құрылыс жұмысы аяқталып, тұрғындарға пәтер кілті салтанатты түрде табысталады.

Айта кетейік, өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш сомасында өтемақы берілді.. Одан бөлек, тұрмыстық техникалар және жиһаз сынды қажетті заттар демеушілердің қолдауымен сатып алынған.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Атыраудағы Соколок каналын тасқын бұзды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир