Алматыда алғаш рет мұғалімдер арасында Абай шығармашылығына арналған байқау өтті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Байқауда қаланың 8 ауданынан іріктелген 25 педагог бақ сынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты байқау ұйымдастырылды. Сайыс Абайдың 175 жылдығы аясында өтті. Мақсат - білім саласы мамандарының рухани жаңғыруына, әсіресе Хәкім Абайдың шығармашылығын терең меңгерулеріне бағытталған. Байқауда қаланың 8 ауданынан іріктелген 25 педагог бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектептерден іріктеліп, үздік шыққан ұстаздар енді қалалық деңгейде Абай шығармаларын оқып осылайша бақ сынасты. Бастапқы кезеңдерде мұғалімдер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде қара сөздерінен үзінді келтірді. Додаға кез келген пәннің мұғалімі қатыса алады.

«Біз бұған дейін балалардың арасында өткізсек, биыл бірінші рет мұғалімдер арасында ұйымдастырып отырмыз. Яғни, арасында дене шынықтыру пәні бар, қазақ тілі де, өзін өзі тану да, бастауыштардың мұғалімдері де бар қатысып, өлеңінен, қара сөзінен байқауға қатысып отыр», – деді қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Карима МАДАЛИМОВА.

Бақ сынаушылардың біріне бұл бәйге қиынға соқса, енді бірі үшін аса күрделі болмапты. Сайысқа қаланың 8 аудынынан 25 мұғалім қатысқан. Олардың ішінде ең көбі 70 өлеңді жатқа білетін ұстаздар да бар.

«Осындай байқаулар көптеп болса деген өзімнің ойым бар. Себебі Абай атамыздың айтып кеткен ұрпақтарына қалдырып кеткен қара сөздерінің өзінің мағынасы тереңде жатыр, өлеңдері бар. Бүгінгі байқауға 40 өлең дайындап келдім», – деді бастауыш сыныбының мұғалімі Алина ҚАЙЫПБЕРДІ.

Педагогтардың қарым-қабілетін бағалауға ардагер ұстаздар, ақын, профессорлар шақырылыпты. Талап бойынша қатысушылар қанша өлең білсе қазылар алқасы кез келген біреуін сұрау арқылы жүйрікті анықтайды. Мүдірмей жауап берген үміткердің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

«Білім қайда жатыр? Білім кітапта жатыр. Сол тұрғыда мына Абайды қанша жатқа біледі, оқиды, оны қанша зерттейді. Енді біздің данышпанымыз Абайдың өзін бардым келдім білсе онда біздің біліміміздің де деңгейі соған сайып қалмай ма?», – деді Құрмет орденінің иегері, профессор Шаяхмет ИМАШҰЛЫ.

Бір күнге созылған байқауда Жетісу ауданы атынан келіп, бақ сынаған № 148 мектеп-гимназияның мұғалімі бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, жүлделі орындарды Бостандық, Алмалы, Әуезов аудандарының ұстаздары бөлісті. Биыл алғаш қолға алынған шара келесі жылы да жалғасын таппақ.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров