Тәуелсіздік шежіресі: 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ең алғашқы Жолдауын жариялады

Almaty.tv
Almaty.tv
1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1997 жылы 10 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегия­сы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары осы Жолдауда айтылды. Жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы осылайша дәстүрге айналды. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптас­ты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарын орындауға деген үлкен құлшыныс болатын. Стратегия жарияланған жылдан бастап Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштас­тыра ұсынып отырды. 

Сол жылы 8 қарашада Ақмолаға Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Осы күні таңертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің алдында сөз сөйлеп, еліміздің мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын жаңа астанаға аттандыруға бұйрық берді. Түстен кейін Елбасы мінген ұшақты ақмолалықтар қошеметпен қарсы алды.

Қазақстанда Елбасы Н.Ә.­Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленді. Осыған байланысты 31 мамыр­­да Ақмола қаласында үлкен саяси шара өткізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткізу жөніндегі облыстық және қалалық комиссия құрылды.

20 қазанда Елбасының «Ақмола қаласын ҚР астанасы деп жариялау туралы» № 3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанынан астана болып саналды.

9-11 қаңтар – Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш елдің Мемлекетаралық Кеңесі шеңберінде кездесіп, осы елдер арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойды.

28 ақпан – Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған Орталық Азия мемлекет басшыларының саммиті өтті.

11 шілдеде «ҚР тіл туралы» Заңы қабылданды.

4 тамыз – Қазақстан – Қытай шекарасында Достық стансасы маңындағы бірінші шекара белгісі ресми түрде ашылды.

24-26 қыркүйек – ҚР мен ҚХР арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекара туралы қосымша келісімге, мұнай және газ саласындағы келісімге, Кен орындарын игеру және мұнай құбыр­лары жобалары туралы Бас келісімге қол қойылды.

Айта кетейік, 1996 жылы егемен елдің алғашқы бесжылдығында жеткен жетістіктері туралы жазған болатынбыз.

Дереккөз: astana-akshamy.kz

Новости партнеров