Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мексиканың Түркия мен Қазақстан Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарушы Хосе Луис Мартинес Эрнандеспен кездесті. Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кездесуде Алматы мен Мехико, Монтеррей қалалары арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ортақ мүдде – сауда-гуманитарлық іс-қимылды, қалалық инфрақұрылымды дамыту.
Айта кетейік, осыдан 2 күн бұрын Алматыда Мексика консулдығы ашылған еді. Салтанатты рәсімде Мексика елшісі қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің екі ел үшін де маңызды екенін атап өткен болатын.
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң 15 күннен кейін Мексика Қазақстанның егемендігін мойындаған еді. Көріп тұрғаныңыздай, о бастан-ақ біз сіздерге жақынбыз, сіздермен біргеміз. Бірінші күннен бастап-ақ сіздерге сенген едік. Сенімге селкеу түскен жоқ. Осы себепті біз үшін де Қазақстанның отыз жылдық мерейтойы өте маңызды», – деді Мексиканың Түркия мен Қазақстандағы елшісі қызметін қоса атқарушы Хосе Луис Мартинес Эрнандес.