Алматылық жастар «Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы» атты республикалық челленджін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заман талабына сай ғылым мен білімді игеріп, бүгінде қоғамға үлес қосып жүргендердің бірі – Айгүл Медеулова. Жоғары санатты дәрігер Тәуелсіздік жылдарында сапалы білім алып, арманының ақиқатқа айналғанын қуанышпен жеткізеді. Сондай-ақ, өзге салалардың қарқынды дамуына ел тәуелсіздігі серпіліс бергенін сөз етті.
«Тәуелсіздіктің арқасында көптеген жас маманның мүмкіндігі артты деп айтуға болады. Өйткені шекара ашылды. Білімін бір-бірімен алмастырып, мүмкіншілік артты деп айтуға болады», – деді Д. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ клиника директорының орынбасары Айгүл Медеулова.
Ал, шет тілдерін жетік меңгеріп, бүгінде ұстаздық еткен Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Ердос Молдахметовтың айтуынша, егемендігіміздің тарту еткен тамаша мүмкіндігі – ол білім алудағы еркіндік. Ғылым жолын қуған өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай қарастырылғанын, қалаған оқу орнын таңдауға болатынын мысал етті.
«Мақсатымның бірі – шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу. Қазір, құдайға шүкір, инвесторлар Қазақстанға көптеп келуде. Ол да Тәуелсіздігіміздің арқасында болып жатқан нәрсе», – деді ағылшын тілінің оқытушысы Ердос Молдахметов.