Францияда Қазақстанның әнұраны ерекше форматта орындалды

Фортепиано, виолончель және скрипка әуендері әнұранға өзгеше сән-салтанат беріп, еліміздің гимні ерекше естілді

Францияда Қазақстанның әнұраны ерекше форматта орындалды

Париж қаласынан бастау алған FORTE-TRIO ұжымының халықаралық гастрольдері 16 желтоқсан күні Францияның Мюлуз қаласында жалғасын тапты. Франция, Германия және Швейцарияның шекараларында орналасқан Мюлуз қазақстандық әртістерді құшақ жая қабылдады. Отандық трио Тәуелсіздік күні мерекесін дәл осы қалада қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнайы еліміздің басты мерекесіне орай трионың орындауында Қазақстанның әнұраны шырқалды. Фортепиано, виолончель және скрипка әуендері әнұранға өзгеше сән-салтанат беріп, еліміздің гимні ерекше естілді. Осы патриоттық сәтті тамашалаған шетелдік көрермен Тәуелсіз Қазақстанның әнұранына құрмет білдіріп, зор қошемет көрсетті.

«Қазақстанның әнұраны шырқалған сәтте қасымдағы көрермендер менен бұл қандай әуен деп сұрай бастады. Бірден таныдым. Мен қазақ елінің әнұранын жақсы білемін және ол маған өте ұнайды. Бүгінгі концертте оның ерекше күш-қуатын тағы да сезіндім», деп жеткізді концерттен кейін белгілі француз композиторы Pierre Thilloy.

«FORTE-TRIO» ұжымының Франциядағы екінші концерті атақты Theatre de la sinne залында өтті. 150 жылдан астам тарихы бар Theatre de la sinne сахнасында бұл кеште қазақстандық композиторлардың туындылары мен еуропалық классика жауһарлары шырқалды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды.

Екінші концертті де сәтті өткізген трионың көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері өз сұхбатында барша отандастарды мерекемен құттықтады: «Тәуелсіздік күні – қазақстандықтар үшін маңызды, ұлық мейрам. Трионың гастрольдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде. Егемен еліміздің өнерін әлемдік аренада таныту біз үшін үлкен мәртебе», деп жеткізді ол.

Айта кетейік, трио әртістері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) Роза Бағланова атындағы Қазақконцертте еңбек етеді.

Трионың кезекті концерттері 17 желтоқсан күні Нанси және 22 желтоқсан күні Лион қалаларында жалғасады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир