Алматыда республика көлемінде өткен ақындар жарысының қорытындысы шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тәуелсіздікке тағзым» атты мүшәйраға 81 ақын қатысып, 17-і іріктеліп алынды. Ал сайыста қатысушылардың жас ерекшелігіне емес, туындысының құрылымына және көркемдігіне баға берілді. Осылайша, жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен мадақтау қағаздары табыс етілді.
«Бұрынғы мүшәйраларға қарағанда, өзгешеліктер бар. Біріншіден, халықаралық деңгейге көтердік. Екіншіден, еш шектеу қоймадық. Жасына, жынысына қарамай, қазақ ақыны қатысуы керек деп шештік», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов.
Сондай-ақ іс-шарада қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өз үлесін қосқан қарымды қаламгерлер де марапатталды. Зиялы қауым өкілдері өз туындыларынан үзінді оқып, патриоттық сезімді дәріптеді.
«Кезінде Ғабит Мүсірепов ағамыз «Әдебиеті ұлы болмаған ұлт, ешқашан ұлы болмайды» деп айтқан екен. Шынымен де, әдебиетімізді көтеру керек, оны әлемдік деңгейде танытуымыз қажет. Ол бағытта да көптеген жұмыс атқарылып жатыр. БҰҰ 6 тіліне 30 проза, 30 поэзия аударылған болатын. Болашақта тағы аударылады», – деді ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.