Ақын Аманғазы Әлімғазыұлы: Тәуелсіздік монументі – ұлтымыздың құжаты

Мұнарлы монументтің қос қапталын қоршаған тастарда елдің өткені кезең-кезеңімен бедерленген

13 шілде – ел тарихындағы елеулі күн. Себебі 1996 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулы қабылдаған еді. Ел егемендігінің 5 жылдығына арналған монумент бүгінде қаланың негізгі көрікті орындарының бірі саналады. Тәу етер Тәуелсіздіктің құрметіне қойылған белгі туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Тәуелсіздік монументі біздің егеменді ел, дербес мемлекет екенімізді айғақтайтын бірден бір ескерткіш. Алматыға келген әр мейман мұнда соқпай кетпейді. Себебі, қазақтың қатпарлы тарихы дәл осы жерде қашалып жазылған.

Сондай меймандардың бірі – арнайы Оралдан келген Айнагүл Ғаллам. Оның Алматыда жүргеніне аз ғана уақыт болса да қаланың барлық көрікті жерінен бастап, әсем табиғатына дейін аралап үлгерген. Алайда бұл жердің аурасы мүлде бөлек екенін айтады.  

«Тәуелсіздік монументі патриоттық сезімді оятады. Құрылысы, дизайны өте әдемі шыққан. Идея ұсынған адамдарға, бәріне рақмет»,  – деді қала қонағы Айнагүл Ғаллам.  

Ескерткіштің салынғанына қуанғандардың бірі белгілі желтоқсаншы әрі ақын Аманғазы Әлімғазыұлы. Ол мұнда кезінде азаттық үшін күресіп, жанын берген жолдастарын еске алу үшін үнемі келіп тұрады. Ол «әр келген сайын мың өліп, мың тірілген қазақтың бейнесі көз алдыма елестейді» дейді.    

«Тәуелсіздік монументі деген бұл адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан дүние. Әр елдің айнасын, мәңгілік ескерткішін көрсететін құжаты десек болады. Сондықтан да біздің ұлтымыздың үлкен бір көрініп тұрған құжаты десек болады. Тәуелсіздік монументі жасай берсін»,  – деді ақын Аманғазы Әлімғазыұлы.

Мұнарлы монументтің қос қапталын қоршаған тастарда елдің өткені кезең-кезеңімен бедерленген. Керегеде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» басталған алмағайып зұлмат жылдар суреттеліп, бүгінгі бейбіт күнге жетелейді. Сондықтан бұл да келер ұрпақтың еншісі ретінде егемендіктің көрінісіндей болып қала бермек.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир