«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 10 мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

Қор директорының сөзінше, игі істер өз жалғасын таба бермек

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 10 мұқтаж отбасыға баспана сыйлады Almaty.tv

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының 5 жылдық мерейтойы аясында 10 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ қайырымдылықпен айналысып жүрген 4 ұйымға автокөліктер мен шағын автобустар сыйға беріліп, көпті ізгілікке бастап жүрген жандар марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылы меценат Болат Назарбаевтың бастамасымен құрылып, өз жұмысын аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетімдерді қолдауға бағыттады. Қор директорының сөзінше, игі істер 5 жылмен тоқтап қалмай, өз жалғасын таба бермек.

«Дәл осы кеште «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының 5 жылдығына байланысты және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай біз 10 баспана сыйлап отырмыз. Соның ішінде 5 жеке үй, 5 пәтер бар», – деді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.

Баспаналы болғандардың бірі – Ғабит Наврузов есімді азамат. Ол өз балаларын жалғыз бағып, әкелік борышпен қатар, ананың да міндетін арқалап келеді. Жалғызбасты әкенің айтуынша, олар 12 жылдай жалдамалы пәтерде тұрып келген. Енді бар ақшамды балаларымның ел қатарлы білім алуына жинаймын дейді.

«Өте қатты қуанып тұрмын. Қазір ерекше сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Шынын айтсақ, осы уақытқа дейін пәтерге ақша төлеп шаршадық», – дейді тұрғын Ғабит Наврузов.

Үй мен пәтер алғандардың ішінде көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы да бар. Мәселен, Армангүл Керімбаева 7 жыл бұрын отағасынан айырылып, жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бүгінде көпбалалы, жалғызбасты ана үйлі болып, «Арманым ақиқатқа айналды» дейді.

«Жалдамалы пәтерге төлеген ақшамызды балаларымның үйірмелеріне, қосымшаларына төлегім келеді. Енді басы артық ақшамды қорға салып, балаларымның білім алуына қосамын», – дейді көпбалалы, жалғызбасты ана Армангүл Керімбаева.

Ұйымдастырушылар игі істің қолдаушыларын да назардан тыс қалдырмай, бұл өмірде жақсылықтың барын дәлелдеген жандарға түрлі номинация бойынша марапаттар ұсынды. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қажеттілігін ескеріп, оларға жайлы көлік құралдарын табыстады.

Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир