Алматыда ТЖД қызметкерлері жеке үйлерге рейд жұмыстарын күшейтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Шараны ұйымдастыруға қайғылы оқиғалардың жиілеуі себеп болып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде үй жағдайындағы газ баллонынан болатын жарылыс оқиғалары жиілеген. Басты себеп – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Осыған орай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үй-үйді аралап, рейд жұмыстарын күшейтті. Шараны ұйымдастыруға қайғылы оқиғалардың жиілеуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Светлана Горбачева – жалғызбасты қария. Біраз жылдан бері үйінде тамақ пісіру мен басқа да тұрмыстық қажеттілік үшін газ баллонын пайдаланады екен. Оның үстіне, науқастығы да бар көрінеді. Ал тұрып жатқан үйі көрші үйге жапсарлас орналасқан. Бұл газ баллонын пайдалатындар үшін аса қауіпті дейді мамандар. 

«Көп жағдайда бір өзімнің шамам келмей жатады. Осы тұста төтенше жағдайлар басқармасындағы жігіттерге рақмет. Әркез келіп, қарап, ақау шықса жөндеп беріп кетеді», – дейді Алмалы ауданының тұрғыны Светлана Горбачева. 

Алмалы ауданында дәл осындай әлеуметтік жағдайы төмен және тұрмысы нашар 15 отбасы бар. Сала мамандары олардың әрқайсын ерекше бақылауға алған. Жылыту маусымы басталар шақта тұрғын үйдегі қауіпсіздік шараларын жіті тексеріп, қажет болған жағдайда өрт қауіпсіздігінің алдын алатын құрылғыларды тегін орнатып береді.    

«Жеке тұрғын үйлердің көбінесе аулалары таза болмайды, жанғыш заттар көп болады. Жылыту маусымы басталар кезде мұржаларын тазалау жұмыстарына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде Алмалы ауданы бойынша 3495 жеке тұрғын үй бар. Қазір олардың барлығы түгелдей қамтылды», – деді  Алмалы аудандық ТЖБ бас маманы Ербол Әлімқұл.

Ал мегаполисте жыл басынан бері үйдегі газ баллонын пайдалану кезінде 28 оқыс жағдай тіркелген. Салдарынан 36 адам зардап шекті. Оның 22-сі – бала. Сала мамандары бұл жайттардың 40%-ы газдағы резеңке түтігінің тозуынан және газ баллонын дұрыс қолданбаудан болатынын айтады.

«Газ баллонынан болған жарылыстардың бәріне талдау жүргіздік. Нәтижесінде 60 пайызы жылыту құрылғысы мен газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарайтыны белгілі болды. Жыл басынан бері болған жарылыс салдарынан 3 адам көз жұмып, 6 адам күйік алған», – деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Александр Рау.

Бұл көрсеткіш еліміз бойынша да көңіл көншітпей тұр. Ақмола облысы Шортанды кентінде қараша айында болған жантүршігерлік жарылыс кімді болмасын есеңгіретіп тастағаны белгілі. Жеке сектордағы тұрғын үйде газ баллонынан болған жарылыстан 6 адам көз жұмды. Оның үшеуі – бала.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров