|
24.12.2020 | 19:36
6411

Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл

28 гвардияшы Панфиловшылар саябағында даңқты жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл Almaty.tv

Бүгін Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Осыған орай 28 гвардияшы Панфиловшылар саябағында даңқты жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Шараға әскерилер, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысып, батырдың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгін қазақтың бағына біткен біртуар тұлға Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен алматылықтар батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойды. Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, 1932 жылы әскерге шақырылады. Ал, 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Ол генерал-майор Иван Панфиловтың қолбасышлығымен 316-атқыштар дивизиясында атқыштар полкының батальон командирі болып тағайындалады.

Мәскеу үшін шайқаста дивизия қорғанысты табандылықпен еңсереді. Сол үшін Бауыржан Момышұлы шайқасқан 1073-атқыштар полкына 19-гвардиялық атқыштар полкы аты беріледі.

«Бауыржан, Мәлік сияқты ағамыздың әруақтары риза болсын деп ылғи айтамыз. Ерін білмеген ел ел болмайды. Бауыржанның аты әр уақытта халықтың есінде», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы Ким Серікбаев

1941 жылдың 16 және 18 қарашасы аралығында Бауыржан Момышұлының батальоны өз дивизиясынан оқшау жерде яғни Волоколамск тас жолында ерлікпен соғысады. Қаһарман батыр сол жылы 27 шайқас өткізеді. Ол  «Қызыл Ту» орденімен және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.

«Менің қасымда жүргендегі ұғынғаным – ұқыпты болу. Бір күні мен куәлігім қалып кетіпті. Екінші рет барған да айтты сен ұқыпты емес екенсің. Қайда куәлігің деді. Соны өзі тауып берді, жасырып қойған», – деді жазушы Мамытбек Қалдыбай.

Полковник Балтық жағалауы майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. Бауыржан Момышұлы қолбасшылық еткен  дивизия 1945 жылы неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтіп, 15 елдімекенді жаудан босатады. Бауыржан Момышұлы сарбаздардың тәрбиесі мен мінез-құлқына мән беріп, ердің елі үшін шыбын жанын қиюға даяр тұруы керек екенін айтып та, жазып та өтті.  

«Ғалымдар айтады екен: «Сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылдарға жетеді» деп. Ата сондай тұлға. Өзі өмірден өткенімен атаның артында қалған үлгі-өнегесі, еңбегі, бүкіл өмір бойғы істеген тірлігі – барлығы кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге», – деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

1955 жылы отставкаға кеткен соң Алматыға оралып әдеби шығармашылықпен айналысқан. Көзін көргендер жазушылықты бірге алып, қағаз қиындыларға, дәптерлерге жиі жазба қалдыратын дейді. Бауыржан Момышұлы «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас» сияқты әңгімелер жинақтарының авторы. Сондай-ақ ол жолсапар очерктер жазып, өз кітаптарын өзі аударумен айналысқан.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Bólisý


Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!