|
21.04.2020 | 22:53
17295

Ұлы Жеңіске 75 жыл: Қазақтың қаһарман ұлы Қасым Қайсенов тұлғасы біз үшін өрлік пен ерліктің жоғары өлшемі

Сұм соғыс өзімен бірге 27 миллион адамның өмірін жалмады

Ұлы Жеңіске 75 жыл: Қазақтың қаһарман ұлы Қасым Қайсенов тұлғасы біз үшін өрлік пен ерліктің жоғары өлшемі

Осыдан 75 жыл бұрын фашистік Германия тізе бүкті. Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 27 миллион адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін Жеңіс мерекесі қашан да қасиетті. Қазақ халқы есімін ұмытпайтын, атын ардақтайтын тұлғалардың бірі – Қасым Қайсенов. Ол соғыс жылдарында жау тылында партизандық қозғалыстың қырағы жетекшісі ретінде көзге түскен. Қазақ батырының қайталанбас бейнесін жадымызда тағы бір жаңғыртып өтейік.

«Қазақтың батырлығына басқа ұлттардың батырлығы жете бермейді. Мысалы, Талғат Бигелдинов. Міне, батыр деп осыны айтуға болады. Бигелдиновтер өзінің батырлығын жерде емес, аспанда жүріп, 300 рет қайталаған адам», – деді Қазақстанның халық қаһарманы Қасым ҚАЙСЕНОВ.

Қайсенов көзі тірісінде замандастарының ерлігін тамсана әңгімелеген. Ал, өзіне келгенде ерлік істерімді батырлық деп санамаймын дейтін еді. Сұрапыл соғыста қан кешіп, қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман ұлдың ұрпағына қалдырған өсиеті көп.

«Арпат тауы – біздің Алатау сияқты орманды, биік тау. Орманды тау, жаңбыр кетпейтін, міне осы ауа-райының қолайсыздығынан 60 адамның 53 адамы қаза тауып кетті дағы, біз аман-есен жерге жеті-ақ адам түстік», – деді Қазақстанның халық қаһарманы Қасым ҚАЙСЕНОВ.

Қасым батыр отау құрған кезде 18-де ал, жары Асыл әжей 16 жаста болған. 1939 жылы Қасым Қайсенов ата-анасы мен бауырларын осы кісіге аманаттап, соғысқа аттаныпты. Содан хабар-ошарсыз кеткен жарын Асыл апа 7 жыл күтіпті. Олар жұп жазбай 65 жыл бірге тату-тәтті өмір сүреді. Қасым атаның өзі: «Ол сирек кездесетін жағдай», – деп махаббатын жоғары бағалайды.  

«Соғыста пәлен болды, түген болды, пленге түскен біздің армияның адамдарын босаттық, пәлен жерде комендатты өлтірдік деп  айтып отыратын.  Сосын бір күні, айналайын, осының бәрін бос сөйлегенше жазбайсың ба кітап етіп деп айттым. Кешке дейін қыдырасың да жүресің, ертең тарих болып қалады ғой деп айттым», – деді Қ. Қайсеновтың жары Асыл ҚАЙСЕНОВА.

Осыдан кейін Қасым тек батыр ғана емес, жазушы болып та көпке танылады. Шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы «Жау тылындағы бала» повесі. Повесте сұрапыл Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде 10 жасар қазақ баласының партизандар қатарында болғаны, қиын өмір соқпағы туралы суреттеледі. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зор ерліктерін үлкен тебірініспен суреттеп жазған.

«Маған «Белая Таня» концлагерін босату туралы ерлігі ұнады. Себебі концлагерьге кіру қиын болған. Бірақ атамның отряды қорықпай 600 адамды босатты. Атам нағыз батыр, мен атамды мақтан тұтамын», – деді Қ. Қайсеновтың шөбересі  Қасым УӘЛИХАН.

1967 жылы Қасым Қайсенов Киевтегі замандастарымен кездесуге барады. Жол жүретінін естіген жазушы Ғаббас Қабышұлы онымен бірге барып, батыр туралы  мақала жазбаққа бекінеді. 1 апта бойы қасында жүріп, сүбелі ой мен қызықты естеліктерін тыңдайды. Киевтегі замандастары Қасымды Вася деп атайын көрінеді.

«Қазақ әдебиеті газетіне «Есіңде ме, Вася» деп шағын мақала жаздым. Содан газет шықты, газетті алып Қасекеңнің үйіне бардым. Осы ағаммен сапарымыз туралы жолжазба дедім. Ой, золотойым, бұл дұрыс болды ғой деп. Ол кісінің сөзінің бір мәтелі жақсы көрген адамына «ой, золотойым, дорогойым» деп айтатын», – деді Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

Батырдың баласы Болат та әкесімен бірге болған естеліктерді өз балалары мен немерелеріне әр кез айтып отырады. Ол һас батыр Қасым Қайсеновтың баласы болу үлкен мақтаныш екенін айтады.  

«Компартияның 30 жылдығы қарсаңында әкем мені өзімен бірге алып барды. Ол кезде әкем делегация мүшесі болатын. Үлкен шара Киевте өтті. Ол жақта партизанда бірге болған достарымен кездесті. Бірге отырып, әңгімелерінде бірде күліп, бірде көзіне жас алып, өткен күннің естеліктерін айтты. Мен бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын. Себебі нағыз майдан даласындағы оқиғаларды көзі көрген адамдардан есту мен үшін бір ғанибет», – деді Қ. Қайсеновтың ұлы Болат ҚАЙСЕНОВ.

Қазақтың қаһарман ұлы Қасым Қайсенов тұлғасы біз үшін өрлік пен ерліктің жоғары өлшемі. Оның ерлігі мен естеліктері ешбір заманда маңызын жоймақ емес. Ер есімінің ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир