«Әділдік алаңы»: Қазақстан киберқорғанысты қалай күшейтіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV «Әділдік алаңы» бағдарламасының қазақстандықтардың дербес дерегін қорғау және кибералаяқтықпен күрес тақырыбына арналған жаңа шығарылымын ұсынады.

eGov порталына жаппай кибершабуыл жасалып, оның деректері ұрланды деген қауесет хабарлар жеке ақпараттың сақталуына қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Алайда жүргізілген тексерулер порталдың бұзылмағанын көрсетті. Соған қарамастан, деректердің шын мәнінде сыртқа таралып, заңсыз жариялану жағдайлары қауіптің әлі де бар екенін аңғартады. Тіпті алты жыл бұрынғы мәліметтердің өзі алаяқтардың қолындағы құралға айналып, азаматтарды алдау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Өнімдік технологиялар бюросының төрағасы Евгений Питолин деректердің сыртқа тарағаны туралы хабарлардың бәрі бірдей шындыққа жанаса бермейтінін айтады.

«Жарияланып жатқан деректердің таралуына қатысты жаңалықтардың басым бөлігі шын мәнінде жалған, яғни адамдарды алдау үшін таратылады. Интернетте жүрген деректер жиынтығын зерттей бастасаңыз, олардың көбіне бес жылдай бұрынғы ескі ақпараттардың біріктірілген нұсқасы екенін байқайсыз. Әрине, жаңа деректердің сыртқа тарайтын кезі де болады. Мұндай жағдайлардың мүлде алдын алу мүмкін емес. Негізгі мәселелердің бірі, бәлкім, жалғыз нақты мәселе деуге болатын жайт – адам факторы», – деп атап өтті сарапшы.

Адам факторының ықпалы тек теория жүзінде ғана жүрмейді. Биыл көктемде Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне қатысты дау шықты. Студенттердің жеке және медициналық деректері көпшілікке қолжетімді болып кеткен. Прокуратура тексеруді бастап кетсе, салалық министрлік мұның негізгі себебі қызметкерлердің әрекеті екенін мәлімдеді. Бірнеше адам қызметінен шеттетілді немесе жұмыстан босатылды. Университетте қызметкерлерге арналған оқыту жұмыстары күшейтіліп, деректерді тұлғаны анықтауға мүмкіндік бермейтіндей етіп өңдеу шаралары қолға алынғаны айтылды.

Алайда ақпарат интернетке кездейсоқ тарап кетіп қана қоймай, заңсыз сатылуы да мүмкін. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы мен Астанада жеке деректерді заңсыз жинап, сатумен айналысты деген күдікке ілінген топтың әрекетін тоқтатты. Тергеу деректеріне сәйкес, ақпарат сатып алушылардың арасында микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған.

Деректердің сыртқа таралуы азаматтар үшін нақты қауіп төндіруі мүмкін. Жеке ақпаратты пайдалана отырып, қаскөйлер өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырады. Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев алаяқтардың мұндай мәліметтерді қалай пайдаланатынын түсіндірді.

«Мысалы, олар өздерін екінші деңгейлі банктің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Сөйлесу барысында сіздің жеке деректеріңізді, өміріңізге қатысты кейбір мәліметті айтып, өздерінің шынымен сол қызметте жұмыс істейтініне сендіруге тырысады», – дейді Еркебұлан Қойшыбаев.

Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау күшейтіліп, оларды бұзғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылып, қосымша қорғаныс тетіктері енгізіліп жатыр. Тексерулер деректерді заңсыз тарату, оларды өңдеуге қажетті келісімдердің болмауы және ақпараттық жүйелердің жеткілікті деңгейде қорғалмауы сияқты жағдайларды анықтайды. Құқық қорғау органдары азаматтардың жеке ақпаратын заңсыз жинап, сатумен айналысатын топтардың әрекетін де тоқтатып келеді.

Өткен жылы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті жоспардан тыс 77 тексеру жүргізді. 38 әкімшілік іс қаралды. Бес жеке тұлға, сондай-ақ 33 заңды мен лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17,5 миллион теңгеден асты.

Биыл тамыз айының соңына дейін тағы 44 тексеру жүргізілді. Жеті айда дербес деректерді қорғау саласында 90 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Былтырғы осы кезеңде 172 дерек тіркелген еді. Яғни, биыл құқықбұзушылықтар саны шамамен 48 пайызға азайған.

Сонымен қатар заңнама да қатаңдатылды. «Цифрлық кодекс» пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң күшіне енді. Енді дербес деректерді қорғау саласындағы талаптарды бұзғаны үшін салынатын әкімшілік айыппұлдың ең жоғары мөлшері 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.

IT-компаниялардың бірінің бас директоры Дәурен Салипов Қазақстанда киберқауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық база жақсы қалыптасқанын айтады.

«Шын мәнінде, Қазақстанда киберқауіпсіздік саласы қатаң реттелген. Бұл бағытта біз әлемдік деңгейде де, өңірде де алдыңғы қатардамыз деуге болады. Заңдарымыз азаматтар құқығы мен деректерін қорғауды көздейді. Сондай-ақ инфрақұрылымымыздың аса маңызды нысандарындағы барлық деректің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, Қазақстанда бұл сала заңнамалық тұрғыдан жақсы жолға қойылған. Соның арқасында еліміз түрлі рейтингте де жоғары орындардан көрініп жүр», – деп атап өтті сарапшы.

«Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында журналистер Ұлттық банктің Антифрод-орталығы қалай жұмыс істейтінін, күмәнді қаржылық операциялар қалай бұғатталатынын және алаяқтық қоңырауларға қарсы қандай шаралар қабылданып жатқанын да баяндайды.

Сондай-ақ көрермендер eGov Mobile қосымшасындағы Nomad Guard сервисі арқылы жеке деректерінің сыртқа тараған-тарамағанын қалай тексеруге болатынын және жеке ақпаратты қорғауға көмектесетін цифрлық қауіпсіздік ережелерін біле алады.

Жеке деректер санаулы минуттың ішінде сыртқа тарап кетуі мүмкін, ал оның салдары адамға жылдар бойы әсер етуі ықтимал. Ақпаратқа бақылаусыз қол жеткізу мүмкіндігі сақталса, ең заманауи қорғаныс жүйелерінің өзі толық қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды. Сондықтан қазір кибершабуылдардың алдын алумен қатар, азаматтардың деректерімен жұмыс істейтін әр адамның жауапкершілігін қамтамасыз ету де маңызды. Өйткені цифрлық әлемде сөз тек ақпарат туралы емес, миллиондаған адамның ақшасы, қауіпсіздігі мен сенімі туралы болып отыр.

Мемлекет бақылауды күшейтіп, ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды қатаңдатып, кибералаяқтардың әрекетін тоқтатып, деректердің ықтимал таралуын анықтауға көмектесетін цифрлық құралдарды енгізіп жатыр. Мұның бәрі - қазақстандықтардың жеке дерегін сенімді қорғауға және цифрлық қауіп туындаған жағдайда азаматтардың мемлекет тарапынан қолдау алуына бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық: жаңа заң қандай өзгеріс әкелді