Тұрмыстық зорлық-зомбылық: жаңа заң қандай өзгеріс әкелді
Almaty TV арнасы «Әділдік алаңы» бағдарламасының қоғамдағы ең күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған жаңа шығарылымын ұсынады.
«Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», «Үйдегі дауды сыртқа шығарма». Ғасырлар бойы санамызға сіңген мұндай қағидалар, бір жағынан, сабыр сақтап, отбасының берекесін бұзбауға үндесе, екінші жағынан, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен отбасы ішіндегі мәселелерді сырт көзден жасыруға шақыратын ескі түсініктің бір бөлігіне айналды.
Бүгінде қоғам бұл мәселенің ауқымын түсініп, жабық есіктің ар жағында болып жатқан жағдайлар туралы ашық айту қажет деген ұстанымға келе бастады.
Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың күшейтілуін соңғы онжылдықтағы құқықтық жүйедегі ең ауқымды әрі күрделі өзгерістердің бірі деуге болады.
Бұрын жәбірленуші арызын қайтарып алса, іс тоқтатылатын. Сондай-ақ агрессордың ескерту немесе әкімшілік айыппұлмен ғана құтылып кету мүмкіндігі болды.
Алайда 2024 жылы бұл тәсіл түбегейлі өзгерді.
Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер енгізілгеннен кейін ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қайтадан қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызылды. Бұған дейін мұндай әрекеттер әкімшілік заңнама аясында қарастырылатын.
Басқаша айтқанда, мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықты жай ғана «отбасылық жанжал» ретінде емес, қылмыстық-құқықтық салдарға әкелетін әрекет ретінде қарастыра бастады.
Алайда мәселенің бір күнде шешілуі үшін заңды қатаңдатудың өзі жеткіліксіз. Іс жүзінде не өзгерді?
– Заң қатаңдатылғаннан кейін жағдай бірден өзгерді деп айтуға болмайды. Айтарлықтай оң нәтижелерді көру үшін белгілі бір уақыт өтуі керек деп ойлаймын. Бұл – күрделі тақырып, күрделі қылмыс түрі. Дегенмен агрессорлармен жұмыс жүйелі жүргізіле бастады. Олармен тек құқық қорғау органдары ғана емес, психологтар мен медицина мамандары да жұмыс істейді. Бұл мәселені қоғам болып бірлесе шешуге күш салып жатырмыз деуге болады, – дейді «Жан-Сая» дағдарыс орталығы директорының орынбасары Татьяна Медова.
Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілгеннен кейін жауапкершілік күшейді. Бір жағынан, жаңа талаптар бұрын көп жағдайда тасада қалып келген мәселенің ауқымын анығырақ көруге мүмкіндік берді.
Бұл жерде статистиканы дұрыс түсіну маңызды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын полицияға отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты ондаған мың хабарлама мен өтініш түседі. Мәселен, 2022 жылы осындай 115 мыңнан астам хабарлама тіркелсе, 2023 жылы олардың саны шамамен 99 мың болған.
Бір қарағанда, жүз мыңға жуық отбасында жанжал болғандай көрінуі мүмкін. Алайда мұндай хабарламалардың бәрі бірдей қылмыстық іске айналмайды.
Полицияға түскен әрбір өтініш сотқа дейін жетпейді. Сонымен қатар бұрын көптеген жағдайда жәбірленуші арыз бермесе, іс бойынша одан әрі іс жүргізу мүмкін болмайтын.
Бұған дейін бейінді ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға жүгінгендердің басым бөлігі арыз жазудан бас тартатынын хабарлаған.
Оның себептері түсінікті. Біреулер агрессордан қорқады. Біреулер балаларын ойлайды. Кейбірінің барар жері жоқ. Ал енді бірі өзіне зорлық-зомбылық көрсететін адамға қаржылық тұрғыдан толық тәуелді.
Сондықтан ұзақ уақыт бойы статистикада парадокс сақталды: полицияға түсетін хабарламалар көп болғанымен, нақты қылмыстық істердің саны айтарлықтай аз еді.
Жаңа заң осы алшақтықты қысқартуға да бағытталды. Енді зорлық-зомбылық белгілері анықталған жағдайда құқық қорғау органдары жәбірленушінің арызын күтпей-ақ іс жүргізуді бастай алады.
Бұл, әрине, статистикаға да әсер етеді.
Сондықтан қылмыстық істер санының артуын зорлық-зомбылықтың өзі көбейді деп бірден түсіндіруге болмайды. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған әрекеттердің бір бөлігі енді қылмыстық статистикаға енгізіледі.
«Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында журналистер отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің оқиғаларын да көрсетеді.
– Менің отбасымда ауыр жанжалдар жиі болатын. Күйеуімнің анасы, яғни енеммен арамызда жанжалдар болды. Ол маған бірнеше рет қол көтергендіктен, бұдан әрі шыдай алмай, полициядан көмек сұрадым. Көбіне мені тұншықтырып, басымнан ұратын. Сондықтан ешкімнің сөзіне қарамастан, өзіңді қорғап, басыңды көтеріп, өзің және балаларың үшін алға қарай жүру керек, – дейді жәбірленуші Самал.
Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты ауырлығын тек қылмыстық істердің санымен өлшеуге болмайды.
Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапқан. Заңнама қатаңдатылғаннан кейін ауыр қылмыстар бойынша жағдай қалай өзгерді?
Ресми мәліметке сәйкес, отбасылық-тұрмыстық саладағы кісі өлтіру саны 2024 жылғы 101 жағдайдан 2025 жылы 80 жағдайға дейін азайған. Бұл шамамен 21 пайызды құрайды.
– Заң қабылданғаннан бері соңғы екі жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқық бұзушылықтар санының нақты төмендегенін байқап отырмыз. Қазіргі таңда жыл басынан бері 152 құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде олардың саны 171 болған.
Сот сондай-ақ ерекше талаптар белгілейді. Соның ең қатаңдарының бірі – құқық бұзушының аптасына бір рет полиция басқармасына келіп тұру міндеті. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері оның тұрғылықты жеріне аптасына бірнеше рет барып, тексере алады.
Сондай-ақ оған алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын қолдануға, ал белгілі бір уақытта тұрғылықты жерінен кетуге тыйым салынады. Осылайша құқық бұзушы бақылауда болады, – дейді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
Заңнама қатаңдатылғаннан кейін отбасылық-тұрмыстық саладағы ауыр қылмыстар санының төмендеу үрдісі байқалады. Алайда бұл динамиканы тек заңдағы өзгерістермен түсіндіру дұрыс болмас еді.
Жаңартылған заңнаманың басты мақсаты – жазаны қатаңдату ғана емес, қайталама зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Ол үшін қорғау нұсқамасы, агрессорға қойылатын ерекше талаптар және психологиялық түзету шаралары секілді тетіктер қарастырылған.
– Агрессорлармен жұмыс ең алдымен консультация түрінде жүргізіледі. Негізінде олармен екі психолог – әйел және ер адам жұмыс істеуі керек. Агрессор ер адамдар жеке консультацияға алғаш келген кезде, әдетте, өздерін агрессор ретінде мойындамайды. Мұндай жағдайда адаммен жұмыс істеу шынымен де қиын, – деп түсіндірді психолог Маржан Ізтілеуова.
Полицияға түскен хабарламалар бар. Ресми тіркелген құқық бұзушылықтар бар. Қылмыстық істер мен сотқа дейін жеткен фактілер бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде статистиканың осы үш деңгейін де ескеру қажет.
Бейтаныс адамның шабуылынан қашып құтылуға тырысуға болады. Ал үйде қасыңда жүрген агрессордан кету үшін адамға кейде бүкіл өмірін өзгертуге тура келеді.
Түптеп келгенде, қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ескірген көзқарастан арылуға қарай қадам жасады.
Ұрып-соғу қайтадан қылмыстық жауапкершілікке негіз болды. Жәбірленушінің арызын күтпей әрекет ету тетігі күшейтілді. Қорғау шаралары кеңейтілді.
Алайда сала мамандары мен сарапшылардың айтуынша, бүгінде мәселе заңның қаншалықты қатаң екенімен ғана шектелмеуі керек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қылмыс жасалғаннан кейін жазалау ғана емес. Қоғамда келесі соққыға жол бермейтін көзқарас қалыптастыру маңызды.
Оқи отырыңыз: Жұмыс пен табыс: алматылықтарға бүгінде қандай мүмкіндіктер қолжетімді